Шымкентте имамдар жалпыхалықтық диктантқа қатысты

Шымкентте имамдар жалпыхалықтық диктантқа қатысты
Фото: shymkent-islam.kz, emle.kz, wikipedia

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жаңа қазақ латын әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеру мақсатында жалпыхалықтық диктант өтті. Бұған Шымкент қаласындағы имамдар да белсене қатысты.

Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының Шымкент қаласы өкілдігінің ресми сайты хабарлағандай, Шымкент қаласына қарасты мешіт қызметкерлері жалпыхалықтық диктант шарасы қатысып диктант жазды.

Аталмыш шараға қатысты ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Қыдырбайұлы сөз сөйлеп, жаңа қазақ әліпбиіне кеңінен тоқталып өтті.

Диктант арнайы "Шалқар" және "Қазақ" радиолары арқылы тікелей эфирден тыңдалды. Барлық қатысушыларға қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында "Бақылау парақшасы" таратылды.

Жалпы шараға қала бойынша 104 мешіттің 160 қызметкері  "Шымкент" медресе колледждің ұстаздары қатысты.

Бүгін өткен жалпыхалықтық диктантқа имамдар ғана емес, 15 жас­тан асқан барлық азаматтар – мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, мем­лекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қыз­меткерлері, студенттер, оқушылар қаты­сты. Диктант жазу барлық өңірде бір мезетте бас­­­талды. Диктантты сканерлеу немесе фо­тоға түсіру арқылы gor_kultura@mail.ru электрон­ды поштасына жолдау қажет. Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев латын әліпбиіне көшу жайын әр жолдаулары мен маңызды кездесулерде талай рет алға тартты. 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: "Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес", - деген болатын.

Латын әліпбиін қолданатын елдер картасы

Елбасы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы тарихи Жарлыққа 2017 жылдың 26 қазанында қол қойды. Алайда латын әліпбиіне негізделген нұсқа қоғамда қызу талқыланып, терең қаралды. Одан кейін тағы бірнеше нұсқалар болды. Тіл мамандары мен тіл жанашырлары да өз нұсқаларын ұсынды. Талқылана келе Президент қазандағы Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Қаулысын енгізді. Нәтижесінде "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізіліп, жаңа нұсқа жарияланды.

Кейіннен Президенттің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен және Премьер-министрдің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен "Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жө­нін­дегі іс-шаралар жоспары" бекітілді.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді бүгінмен, бүгінді келешекпен жалғайтын алтын көпір. Осы бір алтын көпірге айналғалы тұрған латын қарпі негізіндегі жаңа әліпби төл тіліміздің қалпын сақтап, мәртебесін асқақтата түссе дейміз. Ол үшін 2025 жылға дейін жаңа әліпбиде жазу мен емле ережелерін ел болып меңгеріп алуымыз қажет-ақ.

Ө. Сансызбай