Chartbeat-ты тегін қолданатын 25 онлайн басылым анықталды

Chartbeat-ты тегін қолданатын 25 онлайн басылым анықталды
Фото: bcgradtechclub.net

Қазақстандық 25 онлайн-басылымға оқырмандар аудиториясын талдауға арналған Chartbeat құралын тегін орнатып, отандық нарықта бірінші болып қолдануға мүмкіндік берілмек. Бұл тізімде Massaget.kz те бар. 

Байқау аясында іріктеу кезінде республикалық және өңірлік БАҚ-тан 50-ден аса өтінім келіп түсті. Қазақстандық медиа сарапшыларынан тұратын Қамқоршылар кеңесі өтінімдерді бағалап, ең лайықты деген үміткерлерді іріктеп шықты. Нарықтағы жұмыс тәжірибесі, сайттағы күнделікті жарияланымдар саны, жарияланымдарда діни және қылмыстық тақырыптардың болмауы сынды өлшемдер бойынша бағалау жүргізілді.

«Ұзақ уақытқа созылған қызу талқылаудан соң, Қамқоршылар кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы жобаға қатысатын 25 онлайн-басылымды анықтады. Бұл басылымдар тек Астана мен Алматыдағы ғана емес, сонымен бірге өңірлердегі әртүрлі тақырыпта, бағытта, әртүрлі тілде шығатын, әртүрлі аудиториямен жұмыс жасайды. Таңдап алынған БАҚ - Қазнеттің жағдайын көруге мүмкіндік беретін қазақстандық онлайн-медианың кесіндісі. Жобаға қатысу арқасында олар өз аудиториясын жақсы түсініп, өзара әрекеттесіп, сәйкесінше жарнама берушілерді кеңінен тартып, кіріс көзін арттыруға мүмкіндік алатындығына сенімдімін», - деп атап өтті жобаның Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Михаил Дорофеев.

Байқау финалына шыққандар БАҚ тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

21 қараша күні Алматыда Қазақстандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған XI «Media Құрылтай 2018» республикалық конференциясы аясында медиа қауымның Chartbeat өкілдерімен кездесуі өтеді.

Іріктеуден өткен 25 онлайн-басылым енді Ортақ есептегіш (панель) құрып, осының арқасында жарнама берушілер сайттың танымалдығы жайлы сенімді ақпарат алатын болады. Жоба қатысушылары Ортақ есептегіште қандай көрсеткіштердің көрсетілетінін дауыс беру арқылы өздері шешеді.

Естеріңізге сала кетейік, озық онлайн-метрикаларды қолдануға арналған жоба Қазақстанда 2018 жылдың қазанында іске қосылды. Жоба операторы – Қазақстан Баспасөз клубы. Жоба Қазақстандағы АҚШ Елшілігі арқылы Инновациялар қоры есебінен қаржыландырылады. Жоба іріктеуден өткен 25 БАҚ-қа бір күнтізбелік жыл ішінде Chartbeat құралдарын тегін қолдануға мүмкіндік береді. Екінші жылы Chartbeat  жобаның бірінші жылына қатысқан 25 БАҚ-қа 70%-дық шегерім ұсынады. Оның үстіне, жоба қатысушылары компания өкілдерінен кеңес алып, оқудан өте алады.

Г. Берік