Елбасы фин компанияларын агроөнеркәсіптік кешен жобаларына белсенді қатысуға шақырды

Елбасы фин компанияларын агроөнеркәсіптік кешен жобаларына белсенді қатысуға шақырды
Фото: inform.kz

Елбасы кеше ресми сапармен Финляндияға барды. Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Финляндиядан Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын және бұл жол Қазақстан арқылы өтетінін айтты. Одан бөлек, Елбасы фин бизнес капитандарымен жүздесті.

Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыру мәселелері көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз үшін аграрлық сектордың аса маңызды екенін, осыған сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

«Аталған секторды дамытудың басымдығы – жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, экспорттау. Фин компанияларын агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырамын», - деді Елбасы.

Еске сала кетейік, бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы Финляндия Республикасының Президенті Саули Нииннистемен жолығып, шағын және кеңейтілген құрамда кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

А. Қажиев