Елбасы: «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін енді жылына 100 миллиард теңге бөлінеді»

Елбасы: «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін енді жылына 100 миллиард теңге бөлінеді»
Фото: akorda.kz

Елбасының Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы жарияланды. 5 қазанда жарық көрген бұл мақаланың тақырыбы: «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру». Мемлекет басшысы жолдаудың бесінші бөлімін агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін іске асыру мәселесіне арнады.

«Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту», - деді Елбасы. Бұдан бөлек, мемлекетімізде агроөнеркәсіптік кешеннің толық әлеуетін жылдам іске асыру қажеттігін атап өтті.

Елбасы әр жолдауында барлық салада жаңа технологияларды игеру процесі ешқашан тоқтап қалмау керектігін айтып өтеді. Осыған сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілету үшін қазақстандықтар заманауи агротехнологияларды пайдалана алу керектігін айтты.

«Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.

Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн», - деді Елбасы.

Жолдаудың соңында Нұрсұлтан Әбішұлы жоғарыда атап өткен жұмыстарды жүзеге асыру үшін Үкіметке нақты тапсырма жүктеді.

«Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын», - дейді Мемлекет басшысы.

А. Қажиев