АӨК цифрландыру аясында 20 цифрлық және 4000 дамыған ферма құрылады

АӨК цифрландыру аясында 20 цифрлық және 4000 дамыған ферма құрылады
Фото: strategy2050.kz, primeminister.kz

Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында 20 цифрлық және 4000 дамыған ферма құрылады. Бұл туралы Бүгін премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық технологияларды қолдану туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

- Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша АӨК-де 5 жыл ішінде еңбек өнімділігінің артуы және қайта өңделген ауыл шарушылық өнімдерінің экспорты кемінде 2,5 есеге өсуі көп дәрежеде АӨК-нің цифрландыру есебінен қамтамасыз етіледі.

АӨК-ні цифрландыру аясында бүкіл Республика бойынша кем дегенде 20 цифрлық ферма және 4000 ілгері фермалар құрылады және процестер мен мемлекеттік қызметтерді 100%-дық автоматтандыру қамтамасыз етіледі. Цифрландыру фермер және оның қызметін басынан бастап сатуға дейін жеңілдетуге бағытталады, - деді.

Әлемдік тәжірибеде агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру кеңінен қолданылып келеді. Мұны Канада, Түркия, Аустралия, Германия, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесінен байқауға болады. АӨК-ні цифрландыру аясында жылдам онлайн-қарыз беру, ауа райын талдау және болжамдау, өсімдік өнімін жоспарлау, баға мониторингі және т.б. туралы жоғарыда аталған елдердің тәжірибесін пайдалану жоспарланған.

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру - "бастау" кезеңінен өріс алады. Мұнда фермердің ақпарат жинау, кеңес алу, оқыту және т.б. кезіндегі кедергілер автоматтандыру арқылы шешілетін болады. Одан кейін онлайн-оқыту және онлайн-кеңес беру кезеңі. Бұл фермерге "Uber" үлгісі мысалында мұғалімдерді, курстарды оқу орталығына келмей-ақ таңдауға мүмкіндік береді де, фермерлердің уақытын және көліктік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

2020 жылдан бастап жеке IT-компанияларды тарта отырып, онлайн оқыту басталмақ. Онлайн-кеңес беруді енгізу фермерге кәсіпкерлік, фермерлік шаруашылық, агрономия, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және басқалар бойынша қажетті кеңестер алуға мүмкіндік береді және мамандарды іздеу мен тарту шығындарын азайтатын болады. Интернетте кеңес берудің іске қосылуы 2020 жылдан бастап IT-компанияларды тарту арқылы толығымен іске асырылады.

Қазақстанда жыл соңына жайылымдық жерлердің электрондық картасы жасалатын болады. Сондай-ақ егістік алқаптарын цифрландыру толығымен аяқталмақ. Бұл жайында да бірінші вице-министр бүгінгі Үкімет отырысында айта кетті.

- Нақты егіншілік элементінің бірі болып табылатын танаптардың электронды карталарын құру аясында 23,7 миллион гектар жер немесе егістіктің жалпы ауданының 98,8% цифрландырылған. Жылдың соңына дейін егістік жерлерді толық цифрландыруды аяқтау жоспарлануда.

Жылдың аяғына дейін нақты шаруа қожалықтары анықталып, оларды ет және сүт бағытындағы цифрлық фермалар деңгейіне дейін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін жайылымдардың электрондық карталарын жасау жоспарланып отыр, - деді Арман Евниев.

Фермерлер қызметінің барлық кезеңдерінде мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін автоматтандыру арқылы жеңілдету жоспарлануда.

- Бүгінгі күні 101 мемлекеттік қызметтің 61-і ішінара автоматтандырылған және 1-і толық автоматтандырылған. Мемлекеттік қызметтерді таңдау бойынша ведомствоаралық комиссия бекіткен 98 мемлекеттік қызмет оңтайландырылды. Жылдың соңына дейін қалған 3 мемлекеттік қызметті оңтайландыру жоспарлануда.

2018 жылдың соңына дейін 16 мемлекеттік қызметті толық автоматтандыру, ал 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр, - деді бірінші вице-министр баяндамасында.

Арман Евниев бұдан өзге цифрландырудың "Е-Кооперация" порталын іске қосу, дәнді-дақылдарды электронды түрде сату, басымдықты терминалдар құрылысының, көтерме сауда орталықтарының логистика картасы,  ел ішінде өнім жеткізілуінің мониторингіне арналған электронды ветеринарлық анықтамалар, астық теңгерімінің онлайн-мониторингі, астық бағасы бойынша статистика, нан қабылдау пунктерінің рейтингі, электронды ветеринарлық және фитосанитарлық зертханалар, ішкі жалпы өнім өсімі туралы айтып өтті.

Н. Үсенова