Әлихан Смайылов – жаңа Қаржы министрі

Әлихан Смайылов – жаңа Қаржы министрі
Фото: kapital.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі Әлихан Асханұлы Смайылов ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметін хабарлады. 

Мемлекет басшысының жарлығында: "Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын", - делінген.

Жаңа Қаржы министрінің өмір жолына көз жүгіртсек, Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы туған. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

1993-1995 жылдары - «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы.

1996-1998 жылдары - ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы.

1998 жылдың наурызы мен сәуірі аралығында - ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары.

1998-1999 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор.

1999-2003 жылдары - ҚР Статиститка агенттігінің төрағасы.

2003 жылғы ақпан мен шілде аралығында - ҚР Сыртқы істер вице-министрі. 2003-2006 жылдары - «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы.

2006-2007 жылдары - ҚР Қаржы вице-министрі.

2007-2008 жылдары - «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ президенті.

2008-2009 жылдары - ҚР Қаржы вице-министрі. 2009-2014 жылдары - ҚР Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы.

2014-2015 жылдары - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің төрағасы.

2015 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.  

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. «1 рангты кеңесші» дипломатиялық рангы бар. 

Е. Жұмабайұлы