Елбасы Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады

Елбасы Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады
Фото: IaNews.kz

Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды айтулы мерекемет құттықтады. Елбасының халыққа арнаған ресми құттықтауын Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!

Еліміздің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын дәлелдеді.

Конституция мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты.

Ата заңымызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті.

Қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары – бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі!

Осы мерекеге орай барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, игі бастамалар мен бақ-береке тілеймін!

А. Қажиев