Балаларға арналған Eurovision байқауына Қазақстан сапынан Данэлия Тулешова қатысады

Балаларға арналған Eurovision байқауына Қазақстан сапынан Данэлия Тулешова қатысады
Фото: inform.kz

Eurovision – 2018 байқауының ұлттық іріктеу сынына қатысуға бел буған жас әнші осыған дейін музыка бәсекесіне қатысатын материалдың жоқтығын хабарлаған еді. Осы жағдайдан кейін, Данэлияға отандық өнер саласындағы майталмандар тарапынан бірнеше ұсыныстар түсіпті. 

Мәселе шешімін тапқаннан кейін, әнші бүгінде қызу дайындыққа кіріскен. Бұл туралы, Данэлияның вокал сабағы бойынша ұстазы Наталия Чуракова хабарлады.

«Данэлияның даусына келетін бірқатар композиция таңдап та үлгердік. Қазір байқауға қатысуға өтінім жазып жатырмыз. Аудио тыңдалымға да дайындық қызу жүріп жатыр», - дейді педагог.

Ал сынға түсетін талапты, дарынды өнерпаз байқаудың алдында өз әсерімен бөлісті. 

«Мен байқаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Əрі елімізде мыңдаған талантты балалар бар екені рас. Олардың көпшілігін мен танимын. Финалға кім өтсе де, мен Қазақстанның намысын қорғайтын әншіге жанкүйер боламын. Маған керемет əндер ұсынылды. Сол əндерді лайықты орындауға барымды саламын», - деді Данэлия Тулешова. 

Айта кету керек, Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында 10 жастағы қазақстандық әнші Данэлия Төлешова топ жарған болатын. Суперфиналда ол «Океан Эльзы» тобының «Не твоя війна» әнін орындады. Жас өнерпаздың әні біраз көрерменнің көзіне жас үйірді. Былтыр 5 қарашада басталған шоуда қазақстандық әнші жобаның жарық жұлдызына айналды. Данэлияның өнер көрсеткен видеосын бүгінде 24 миллион адам тамашалаған. 

«Junior Eurovision Song Contest» байқауы биыл қарашааайында Минск қаласында өтеді. Қазақстан аталған жобаға тұңғыш рет қатысқалы жатыр.

А. Қажиев