"Арал 2018" экспедиция жұмыстарының қорытындысы шықты

"Арал 2018" экспедиция жұмыстарының қорытындысы шықты
Фото: Ернар Алмабек

Мамыр айының 10-29 аралығында QazaqGeography экспедициясы Арал теңізінің оңтүстік және солтүстік бөлігін зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізгенін осыған дейін бірнеше мәрте хабарлаған  едік. Астанадан шыққан топ Қазақстан, Өзбекстан аумағында барлығы 7000 шақырым жол жүрді. Астанадан 5 бірдей жол талғамайтын автокөлікпен аттанған экспедиция құрамы мына тізбек бойынша қозғалды:  Астана – Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Шымкент – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Үргеніш – Нүкіс – Мойнақ – Арал теңізі – Бейнеу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда– Астана.

Сынақ жұмыстары тоқтатылып, Елордаға кері аттанған топ Орталық коммуникация қызметінде баспасөз маслихатын өткізді. Тақырып: «Киелі Қазақстан» QazaqGeography Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамының және «Арал 2018» экспедициясының нәтижелері». Айтулы шараға «Назарбаев Университет» АҚ   National Laboratory Astana биофотоника және имиджинг зертханасының  кіші ғылыми қызметкерлері Айдын Әбілқас және Вероника Дашкова, дәл осы университеттің PR және коммуникация бөлімінің менеджері Жәмила Аязбекова, QazaqGeography халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов қатысты.

Аралға аттанған экспедиция құрамында сайтымыздың фотожурналисі Ернар Алмабектің де барын хабарлаған едік. Ал одан бөлек, құрамда Назарбаев Университетінің гидробиолог ғалымдары, географтар, фотографтар және QazaqGeography қызметкерлері болды. Экспедицияның негізгі мақсаты: Оңтүстік және Солтүстік Арал суаттарының гидрохимиялық ахуалын зерттеу; өңір мәселелерін жарыққа шығару; Арал маңының туристік әлеуетін дамытуға арналған деректерді өзектендіру; сондай-ақ фото мен бейнематериалды жинау.

Экспедиция барысында Аралдың оңтүстік және солтүстік бөлігінен су сынамалары алынып, гидрологиялық-гидрохимиялық параметрлер өлшенді. Бұл сынамалардың нәтижесі кешенді зерттеу жұмыстары толық жүргізілгеннен кейін шығады.

Аралға 2016 жылдан бастап есептегенде екінші рет аттанған QazaqGeography 5 бағыт бойынша жұмыс істейді:

  • география, климат;
  • қоршаған орта, табиғат ресурстары;
  • биоалуантүрлілік;
  • туризм, саяхат, өлкетану;
  • тарихи-мәдени мұра, этнография.

Бүгінгі таңда "QazaqGeography"-дің елімізде 11 өкілдігі бар.

А. Қажиев