Республикалық “KazRoboProject – 2018” байқауының нәтижелері

Республикалық “KazRoboProject – 2018” байқауының нәтижелері
Фото: massaget.kz

21 маусым күні Астанада робототехника бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының ақтық финалы өтті. 

Финалға бүкіл Қазақстаннан жиналған 26 жоба қатысты. Әр жоба өз аймағының үздігі деп танылған. Барлық қатысушылар 2 топ бойынша сайысқа түсті. Бірінші топта 10-15 жас аралығындағы (кіші лига) мектеп оқушылары болса, екінші топта 15-21 жас аралығындағы жасөспірімдер (үлкен лига) сынға түсті. 

Өнертабыстарға қойылатын басты талап – жобалардың қоғамға беретін пайдасы мен әлеуметтік тұрғыда маңызы болуы тиіс. KazRoboProject мақсаты да сол: робототехника жетістіктерін қоғам мүддесіне, пайдасына асыру. 

Жарыс нәтижелері бойынша кіші лиганың жеңімпаздары ретінде павлодарлық 5 сынып оқушылары Айпара Сыздықова мен Артем Малых танылды. Олардың жобасы – құймақ даярлайтын робот. Оқушылар арасында жүргізілген зерттеулер бойынша, олардың сыныптастарының 90 %-ы таңғы ас ішуге үлгермейді. Сондықтан уақытты үнемдеп, жылдам әрі тәтті ыстық құймақ даярлау үшін құрылғыны жасау идеясы пайда болған. Бұған дейін олар робот бойынша тағы да үш балама нұсқа әзірлеген. 

Сондай-ақ, кіші лигада Ақтаудан келген Алексей Куричев, Марк Сергеев және Валерий Панфиловтар да марапатталды. Олар мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған протез үлгісін жасап шығарған. 

Үлкен лигада Любовь Дудченко мен Чалышкан Селимжан жеңіске жетті. Алматыдан келген қатысушылар көру қабілеті нашар балаларға арналған “Oqyp ko`r” жобасын ұсынды. Бағдарламаның принципі кез келген мәтінді Брайль шрифтіне салып дыбыстауға негізделген. 

2 орынды құртылған электр энергиясын есептеп, арнап отыратын құрылғы жасап шығарған Александр Дикин мен Илья Куклин иеленді. 

3 орынды аэропоника технологиясымен өсімдік өсіруге бейім құрылғы жасаған Солтүстік Қазақстан облысынан келген Олжас Сәбитов пен Алина Хафизова иеленді. 

Барлық қатысушылар марапатталып, оларға робототехникаға арналған жинақтар табысталды. 

29 мамыр мен 9 маусым аралығында барлық 16 аймақта іріктеу турлары өткен еді. Оған жалпы саны 200-ден астам жоба қатысты.

Massaget.kz