Жұлдыз FM мен Tengri FM ұлттық "Толқын" сыйлығына ие болды

Жұлдыз FM мен Tengri FM ұлттық "Толқын" сыйлығына ие болды
Фото: massaget.kz

Биыл алғаш рет қазақстандық радиохабарлар арасында ұлттық Толқын сыйлығы табысталды. Қазақстан МедиаАльянсы ұйымдастырған марапат 10 номинация бойынша үздіктерін анықтады.

Ұлттың үнжариясына айналған радиолар арасындағы байқауда Жұлдыз FM мен Tengri FM радиолары үздік марапаттарға ие болды. Әріптестерімізді жетістігімен құттықтаймыз!

Жұлдыз FM "Радио DJ" номинациясы бойынша үздік деп танылса, Tengri FM эфирден тыс жобалары бойынша марапатқа ие болды.

- Бұл Қазақстан МедиаАльянсы қолға алған радиохабарлар арасындағы алғашқы жоба. Бірінші жылы-ақ екі жүлде алып отырғанымызға қуаныштымыз. Әріптестерімді жетістігімен құттықтаймын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деді Alash Media Group медиахолдингінің қаржы директоры Динара Темірова.

Жоба ұйымдастырушысы Арманжан Байтасовтың айтуынша, 10 номинацияға 50-ге жуық үміткер радиохабарлар өтініш беріп қатысқан. Жобаның басты мақсаты – өз бағытындағы үздік радиоларды марапаттап, шығармашылығына қанат бітіру.

- Бұл жобаны қолға алу NS радиосының директоры Ринат Абдухалықовтың ойына келді. Оның идеясын Қазақстан МедиаАльянсы қолдады. Себебі радио жүргізушілері үшін де ерекше марапаттың болғаны жақсы. Мен де журналистикадағы жолымды радиодан бастағанмын. Кәсіби түрде шыңдалдым. Журналистік қызметін радиодан бастағандар танымал журналист бола алады. Радио көп дүниені үйретеді, - деді Байтасов.

Салтанатты шараға көрік берген Алматы арулары

10 номинациядан өзге ұйымдастырушылар 2 арнайы сыйлық та тағайындады. Сараптамалық танымдық бағдарлама бойынша Business FM радиосы, үздік репортаж номинациясы бойынша StarKIDS.FM, үздік эфир дауысы бойынша NS радиосы марапатқа ие болды. Сондай-ақ қазақ радиолары, "Астана" радиосы, "Сlassic" және "Легенда FM" радиохабарлары жүлде алды.

Ө. Сансызбай