2018 жылғы "Үркер" ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

2018 жылғы "Үркер" ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Фото: Алматы-ақшамы

Елордада баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған ұлттық "Үркер" сыйлығының жеңімпаздары анықталды.  Салтанатты шарада журналистерді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ҚР Парламентінің Мәжiлiсінің депутаты Дархан Мыңбай, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев, сенатор Бірғаным Әйтімова марапаттады.

Үркер ұлттық сыйлығы биыл екінші рет табысталып отыр. Өткен жылы Massaget.kz сайты "Қазнеттегі медиасерпіліс" марапатына ие болған еді. Биыл әріптестеріміз Жұлдыз FM радиосы "үздік аймақтық радиостанция" атанды. Ұлттың үнжариясына айналып үлгерген радио ұжымын мәртебелі марапатымен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс тілейміз! Сондай-ақ "Үздік фотосурет" номинациясында Tengrinews.kz сайтының фототілшісі Тұрар Қазанғапов үздік шықты. 

2018 жылғы мәртебелі марапат иегерлері:

Үздік сараптамалық материал - Әсел Мұқанова (Zakon.kz)
Халықаралық сараптамалық материал - Исабаева Сауле (ЦентралАзияМонитор)
Үздік фотосурет - Тұрар Қазанғапов (Tengrinews.kz)
Үздік репортаж - Илья Астахов (Today.kz)
Үздік сұхбат - Гүлзина Бектасова (Айқын)
Үздік журналистік зерттеу - Асқар Джалдинов (Time.kz)
Қазақстан туралы үздік танымдық материал - Яков Федоров (Yvision.kz)
Астананың 20 жылдығына арналған материал - Ғалым Омарханов (Қазақ газеттері)
Үздік аймақтық радиостанция - Жұлдыз FM
Үздік аймақтық баспасөз басылымы - "Жетісу" газеті
Үздік қазақстандық радиостанция - Шалқар
Үздік Интернет БАҚ - Informburo.kz
Үздік республикалық баспасөз басылымы - "Егемен Қазақстан" газеті
Үздік вайн - Нұрлан Батыров

Биылғы "Үркер" ұлттық сыйлығы "Қазақ" газетінің 105 жылдығына арналып отыр. Байқау жеңімпаздарына естелік мүсін мен 1 миллион теңге сыйақы табысталды.

Ө. Сансызбай