Соғыста қаза болған сарбаздың сүйегі туған жерге әкелінді

Соғыста қаза болған сарбаздың сүйегі туған жерге әкелінді
Фото: inform.kz

Төрткіл дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 73 жыл болды. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де сұм соғыстың естеліктері әлі де денені шымырлатпай қоймайды. Бұрқ-сарқ еткен бұралаң күндердің біреуі де естен кетпек емес. 

Бүгін интернет-баспасөз өкілдері атыраулық жауынгер жайлы жария қылар жаңалықты жарыса жазды. 75 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздың мүрдесі бүгін Қазақстанға, батырдың туған өлкесі Атырауға әкелінді. 

1941 жылы майданға аттанған 19 жастағы Құспанғали Боранбаев Парфинск ауданындағы Төменгі Новгород маңындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Былтырғы жылы сол маңда арнайы іздестіру тобы жұмыс жасап, нәтижесінде 489 жауынгердің мүрдесін тауыпты. Көмусіз қалған көптің арасында атыраулық азамат Құспанғали Боранбаев та болған. 

Майданда шейіт болған жауынгердің сүйегі жат елден қазақ топырағына жеткізілді. Осы орайда, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев батырдың сүйегін елге жеткізу жұмыстары қалай жүргенін айтты. 

«Біздің бүгінгі ашық аспанымыз үшін жанын қиған батырымызды туған жер топырағына табыстап отырмыз. Құспанғали ағаның тағдыры туралы хабар жеткен бойда облыстық архивтерден ағайын-туыстары жайлы деректер іздедік. Көршілес Астрахан облысындағы архивтерге хабарластық. Бірақ ешқандай мәлімет шықпады. Жыл бойы ресейлік әріптестермен келіссөздер жүргіздік. Олар мүрдені сарбаздың туыстарының барын растайтын құжат болған кезде ғана беруге келісті», - деді Нұрлан Ноғаев. 

Құспанғали Боранбаевтың жақындарын іздестіру үшін Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев көп көмек көрсеткен. Сөз сөйлеу кезінде, Орынғали аға бұл ауданнан барлығы 7480 жауынгер майданға аттанып, олардың жартысына жуығы соғыстан оралмағанын жеткізді. 

"76 жылдан кейін сүйегі табылып, туған топырағымен табысқан Құспанғали Боранбаевтың тағдыры көп кездеспейтін жағдай. Әр адам туған жерінде мәңгілік тыныс табуды армандайды. Құспанғали ағаның осы арманы орындалды", - деді Орынғали Құмарғалиев. 

Атқарылған барлық қызмет үшін Құспанғали Боранбаевтың туыстары шексіз алғыстарын білдірді. Жоғарыда аты аталған азаматтар мен мекемелерге шын жүрекпен рақмет айтты. Одан бөлек, Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы және Ресейдегі Ярослав облысы Рыбинск қаласындағы «За Отвагу» іздестіру топтарының мүшелеріне де ризашылықтарын білдірді. Олар іздестіру жұмыстары кезінде жауынгердің жеке медальоны мен аты-жөні ойылып жазылған қасығын тапқан екен. 

Жауынгердің сүйегін елге жеткізу процесі кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Санкт-Петербург пен Астрахандағы бас консулдығы қолдау көрсеткен. Осы атаулы мекемелердің септігімен соғыста қаза тапқан жауынгердің сүйегі ұшақпен бірінші Астанаға, кейін Атырауға жеткізілді. 

Араға ғасырға жуық уақыт тастап жауынгердің мүрдесі қасиетті қара топыраққа, туған жердің қойнауына тапсырылды. Не болса да, бұл бір игі іс болды.

А. Қажиев