Coca-Cola компаниясы алкогольді сусын шығарды

Coca-Cola компаниясы алкогольді сусын шығарды
Фото: pixabay.com

Forbes журналының рейтингі бойынша 2018 жылдың ең қымбат брендтерінің арасында үздік алтыншы орынға иелік еткен әйгілі Coca-Cola компаниясы биыл алғаш рет алкогольді сусын шығарды. Lemon-Do деп аталатын ароматты газдалған сусын тек Жапонияда сатылымға шыққан. Бұл жайында компанияның жеке сайтында хабарланды.

Жапонияның Кюсю аралдарындағы дүкен сөрелеріне шыққан Lemon-Do өнімі 3 түрлі пайыздық алкоголь көрсеткішімен сатылып жатыр. 3%, 5% және 7%-дық деңгеймен тұтынушыларға жол тартқан сусынның ыдысы – 350 мл көлемде. Ал, бағасы – $1.4 доллар. Компания бұл өнімді Күн шығыс елінің тек Кюсю аралдарында ғана сатылымға шығарып отыр. Сонымен қатар, әлемдік нарыққа енгізуге де асығыстық жоқ екенін алға тартады.

 

Fortune басылымының хабарлауынша, Жапония – Coca Cola өнімдерін тексеруден, тестілеуден өткізетін бірегей орын. Атаулы компания бұл мекенде жылына 100-ге жуық азық түрлерін сынақтан өткізеді. Соның ішінен, әлемдік нарыққа тек ондаған түрі ғана жол тартады.

Естеріңізге сала кетейік, Coca-Cola дәл осы алкогольді сусындар шығару жайлы жоспарын алғаш рет 2017 жылдың наурыз айында хабарлаған еді.

Біздің мақалаларды қолайлылық үшін енді Telegram-нан оқыңыз!

А. Қажиев