Астанада «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техника көрмесі басталды

Астанада «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техника көрмесі басталды
Фото: ru.egemen.kz

Бүгін Астана қаласында V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техника көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысып, отырыс барысында сөз сөйледі. 

– Халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы құтты болсын! Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы шара Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты форумның ұйымдастырылуы биылғы көрменің басты ерекшелігі. Мұнда әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылды», – деді Елбасы. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы дәл осы көрмені біздің елде өткізудегі негізгі мақсатты да атап өтті:

– Көрме қонақтары қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің, ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысады. Бұл ретте электронды-жүйелі байланыс, қару-жарақты басқару ісіне ерекше назар аударылған. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесінде де мән берілген. Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз. 

Бұл халықаралық көрмеге дүниежүзінің 28 елінен 318 кәсіпорын қатысуда. «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі алғаш рет Қазақстан Республикасының қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтуде. Атаулы шара 26 мамырға дейін жалғасады. Астанада өтіп жатқан көрмеде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, АҚШ, Сербия сынды мемлекеттердің өкілдері қатысып жатыр. 

Қару-жарақ және әскери-техника көрмесінде биыл 10 павильон жұмыс істейді. Жоспар бойынша 4 күн аралығында «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы, «Cyber and Digital Security» және «Advanced Def Tech» конференциялары өтпек.

А. Қажиев