Оңай картасының қосымшасында жаңа функция

Оңай картасының қосымшасында жаңа функция
Фото: today.kz tengrinews.kz

Алматы қаласының көлік холдингі жергілікті жолаушыларды тағы бір қуантты. Жылдың басын жылы жаңалықпен бастауды ұйғарған мекеме Оңай картасының мобильді қосымшасына жаңа функция енгізді. Аялдамадағы жолаушылар енді бұрынғыдай «Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен» деп автобус күтіп жыр қылуын қоятын болды. Қоғамдық көліктің дәл сол мезетте қай аймақта келе жатқанын көрсетіп беретін онлайн бақылағыш іске қосылды.

Бұл функция жолаушы үшін ең керекті дүние. Әсіресе, кешкі уақытта, автобустың не тоқтағанын, не жүріп жатқанын біле алмай екі ойдың ортасында қалатын жолаушылар үшін осы сұрақтың жауабын нақтылап беретін функция. «Onay» қосымшасын IOS және Android операциялық жүйесінде пайдалануға болады.

Осыған дейін бұл қызметті Citybus сайтының көмегімен тек android операциялық жүйесінде қолдану мүмкін болды. Ал, сайт арқылы IOS тұтынушыларына қызметті қолдану ыңғайсыз әрі тиімсіз еді. Осы қолайсыздықтың шешімін табу оңайлықтарға оңай түспеген сияқты.

Сонымен қатар, бұл қосымшаның көмегімен өзіңіз тұрған А пунктін, барғыңыз келетін Б пунктін белгілеп осы жолда қандай автобустар қатынайтынын біле аласыз. Картаңыздағы қалған сомманы тексеріп, онлайн режимде төлем жасауға болады. Егер оңайыңызды жоғалтқан жағдайда оны бірден бұғаттап, ішіндегі қалдықты басқа картаға аудара аласыз.

Оңай картасы – 2015 жылдың 1 қазанынан бастап электронды түрде төлем жасауға мүмкіндік берген бірегей құрал. Осы 2 жыл 2 айдың ішінде 1,5 миллион оңай картасы қолданысқа енді. 2 жыл уақыт өтсе де кей жолаушылар картаның қарапайым қолдану ережелерін түсінбегендіктен байыбына бармай байбалам салып жатады. Назарларыңызға әрбір жолаушы білуге міндетті оңай картасы жайлы ақпараттарды ұсынамыз.

Картаны қай жерден сатып алу керек?

•  Әуежай, теміржол вокзалдары, «Сайран» автобекетінен

•  «Караван» киоск желілерінен

•  «Оңай» қызмет көрсету орталықтарынан (Рысқұлбеков көшесі 33/1, Абылай хан көшесі 3А)

•  «Guidejet TI» ЖШС кеңсесінен (Манас көшесі 7Б)

•  «Rixos» қонақүйінен (Сейфуллин даңғылы 506-99)

Автобусқа кіріп төлем жасағаннан кейін, бірден қалдықты тексермеңіз. Өйткені, сіздің картаңыздан төлемді алу операциясы 15 минут өткеннен кейін жүзеге асады.

Жолақысын төлемеген жолаушы заң бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің 622 бабының 2 тармағына сәйкес 2 айлық есептік көрсеткіш (4810 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал, жүргізуші билетсіз жолаушыны тасымалдағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (12 025 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс.

Оңай картасының иелері бұл картаны тек қоғамдық көлікте қатынау үшін ғана емес, сонымен қатар келісілген орталықтарда жеңілдікпен тауар алып, көңіл көтеру кешендерінде төлем жасай алады.

Бұл картаға байланысты осы уақытқа дейін көптеген келіспеушіліктер туындағаны рас. Сол жанжалдардың нәтижесінде оңай картасы жолаушыларға тиімді жағдай жасауды алға қойып отырған сияқты. Халықтың көңілінен шықпайтын тұстары да бар. Сол кемшілікті оңайлықтар халықтың мұқтажын ескеріп, зерттеу жүргізе жаңа қызметтер қосса бұқараны толықтай өздеріне қаратар. Оңай – бағдаршамға бағынатын автобустың ішіндегі бағдаршам деуге болады. Көлікке кірген жолаушы төлем жасағанда жасыл жанса, ары қарай жүре алады. Ал, қызыл жанса, ұяты барлардың беті де қызырып сол аялдамадан түсіп қалады.

А. Қажиев