Алматыда тегін төртінші мұз айдыны ашылды

Алматыда тегін төртінші мұз айдыны ашылды
Фото: ХАБ

Алматы қаласының Медеу ауданы, М.Горький атындағы саябақта орналасқан «Спартак» стадионында сырғанауға арналған тегін төртінші мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Жаңа мұз алаңының салтанатты ашылу рәсіміне Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев пен Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев қатысып, ұлық мереке қарсаңында құттықтауларын жеткізді.

- Құрметті, қала тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды қастерлі мерекеміз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қала әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алып шаһарда тегін мұз айдындары ашылуда. Мұның барлығы қала тұрғындарын, әсіресе, балаларды спортқа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс, - деп атап өтті аудан әкімі Ержан Жылқыбаев.

Сонымен қатар, салтанатты ашылу рәсімінде алматылық клубтың жас хоккейшілері шеберлік сабағымен өнер көрсетіп, педагогикалық университет студенттерімен бірге жаппай сырғанауға қатысты. Ал, оқушылар үйінен келген қонақтар жарқын костюмдерімен ерекшеленді. 

- Біз қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Күн сайын коньки тебемін деп айта алмаймын, алайда, қаламызда тегін мұз айдындарының ашылып жатқанына аса қуаныштымын. Бұл керемет жаңалық. Енді, достарыммен бірге жиі келіп тұрамыз, - деп бөлісті оқушылар үйінің тәрбиеленушісі Альбина Сафарова.
Алаң Мега орталығындағы сырғанау алаңы сияқты кәсіби борттармен жасақталған. Техникалық үзіліс мұз айдынға байланысты жасалады. Алдағы уақытта, тамақтану орталықтары да ашылатын болады. Аталған мұз айдындар тек жаппай сырғанауға арналған. Олар қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді. Жоба ұйымдастырушысы Алматы қаласының әкімдігі болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, осындай тегін 3 мұз айдыны ашылған болатын. Олар Жібек жолы - Абылай хан көшесінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағының алдында және «Март» сауда орталығының жанында орналасқан.

Айта кетер жайт, барлық мұз айдындары жаңажылдық безендіру стилінде рәсімделген. Бірнеше күндерден кейін тегін мұз алаңдары Әуезов ауданында, Жандосов көшесіндегі "Дубок" ықшам ауданында, Бостандық ауданында "Вилла дей Фиори" кешенінің маңында және Алатау, Наурызбай аудандарында іске қосылады.

А. Қажиев