«Қазақстан» ТРК-ға қарасты 14 аймақтық арнаның атауы өзгереді

«Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтық арнаның атауы өзгереді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның  ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

Сонымен қатар Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин өзінің инстаграм парақшасына: Бүгін «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін 14 аймақтық телеарналардың эфирінде ауқымды өзгерістер басталды. Жаңа маусым аясында, эфирлердің графикалық безендірілуі, студиялардың дизайны мен декорациялары жаңартылып, әр түрлі жанрды қамтитын жаңа бағдарламалар көрермендерге ұсынылады. Сондай-ақ, барлық телеарналардың жеке атаулары өзгеріп, арна логотиптері корпорацияның ортақ белгісімен безендіріледі. Егер бұрын, «Қазақстан - Қарағанды», «Қазақстан – Қызылорда», «Қазақстан – Павлодар», «Қазақстан – Петропавл» т.б деп аталса, енді «Saryarqa», «Qyzylorda», «Ertis», «Qyzyljar» болып өзгереді. Әр аймақтың бұрыннан келе жатқан тарихи жер-су атаулары мен өңірлердің қалыптасқан атаулары негізге алынды. Ребрендингтің басты мақсаты- корпорацияға қарасты аймақтық телеарналарға жаңа серпіліс беріп, заман талабына сай даму жолдарын қарастырып, сапалы,интеллектуалды бағдарламалардың санын арттыру. Жаңа маусым аясында аймақтық телеарналарда 96 бағдарлама шығады. Біз мүмкіндігімізше көрермендеріміздің талғамы мен талабын ескере отырып, талдау жасап, сапалы контент ұсынуға тырысамыз. Бұл жұмыс алда да жалғасатын болады" – деп жазды. 

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 28 тамызында корпорацияның жаңа телевизиялық маусымы аясында «Qazaqstan», «Balapan», «Qazsport» телеарналары еліміздің мемлекеттік туы түстес ортақ логотиппен бекітіліп, жаңа форматта шыққан болатын. Ұлттық арнада 10-нан астам жаңа жоба көрерменге жол тартты. Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы баяндайтын - «Киелі Қазақстан», еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін - «Ұлы дала ұлағаты» деректі фильмдері, халықаралық музыкалық - «Мен қазақпын», «Silk way star» мегажобалары, табиғаттың тылсым күші мен құдіретін бейнелейтін - «24 сағат табиғат құшағында», кәсіпкерлікті насихаттайтын - «Үміткер», сондай-ақ, қоғамдық-саяси, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар жарық көрді.