"Astana Digital Forum"-да Қазақстандағы цифрландыру мәселелері талқыланды

Бұл күндері Астанада "Astana Media Week" қазақстандық медиа апталығы өтіп жатыр. Қазақстанның рухани жаңғыруының негізгі басымдықтарын орындау мақсатында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шараның екінші күні "Astana Digital Forum"-ы өтті.

"Аstana Media Week 2017" медиа апталығының негізгі мақсаты — отандық медиа сфераны дамыту және өңірлік деңгейде индустриядағы іскерлік қатынастарды ілгерілету", — деп жазған болатын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған шара туралы. Бүгін осы шара аясында мамандар "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы жайлы өз қөзқарастарын білдірді.

"Astana Digital Forum"-ның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрландырудың артықшылықтары туралы айта кетіп, бұл бағдарлама аясында атқарылатын істерге тоқталды.

- Әлемнің дамыған озық елдері цифрлық экономикаға көшуде. Осы тұрғыда елімізде Мемлекет басшысы ұсынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында инновациялық жүйелерді нығайтатын іргелі бастамалар қолға алынуда. Соның бірі - "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы. Ел экономикасын цифрландырудың ауқымы кең. Сол арқылы жаңа технологиялар әлеуметтік-экономикалық салаларға енгізіледі.

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады. Біріншісі - "Цифрлық Жібек жолын іске асыру". Біз инфрақұрылымды дамытып, қала мен ауылда бірдей жылдамдықта қолжетімді сапалы интернетке қол жеткізуіміз керек. Біз осы жолда жұмыс жасаудамыз. 2021 жылға дейін 2 миллионнан астам халықты интернетпен қамтуды жоспарлап отырмыз, - деді Дәурен Абаев.

Форум аясында цифрлық маркетинг, коммуникациялар саласындағы тың жобалар, мессенджерлер мен чат-боттар, Telegram арқылы табыс табу көздері, Қазақстандағы криптовалюталар нарығының дамуы, электронды БАҚ, әлеуметтік желілер мен блогерлер, интернетте бизнес ашу жолдары және тағы басқа өзекті мәселелер талқыға салынды. Цифрлық технологияның дамуы негізінде адамдардың жұмыссыз қалу жайы да сөз болды. Ал Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин елімізде интернетті қолданушылар көп болғанмен, электронды сауда жасауға сұраныстың аз екенін айта кетті.

- 30 секунд ішінде әлем бойынша интернет арқылы 1,2 миллиард долларға сауда жасалады. Оның басым бөлігі (шамамен 387 доллар) АҚШ-тың еншісінде. Одан кейін Қытай мен Жапония тұр. Ал Қазақстанда 30 секундта 2,7 долларға ғана сауда жасалады.  Бұл – жоғары көрсеткіш емес, жоғарылату керек. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы интернеттегі сауда-саттық көрсеткішін арттыратынына сеніміміз мол, - деді.

Айта кетейік, ертең ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұлттық БАҚ баспа нарығының дамуының ең өткір мәселелерін, жаңа конвергентті формаларға өту кезіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылау мақсатында Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының өңірлік форумын өткізеді.