Қазақ әскери оркестрі Наньчандағы халықаралық фестивальға қатысады

Қыркүйектің 24-і мен 29-ы аралығында Қытай Халық Республикасының Наньчан қаласында әскери оркестрлер арасында бесінші халықаралық фестиваль өтеді. Бұл өнер сайысына елімізден Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі қатысады.

Биылғы әскери оркестрлердің фестивалі Наньчан көтерілісінің 90 жылдығы мен Қытай ұлт-азаттық армиясының (ҚҰАА) құрылуына орай ұйымдастырылып отыр.  Наньчан ұлттық үкіметі және қытайлық музыканттар одағы үрмелі оркестрлерінің ассоциациясымен қолдауымен өтетін шара алғаш рет 2006 жылы ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық әскери оркестрі биылғы жылы бұл байқауға екінші рет қатыспақ. Бұл әлем елдері әскери оркестрлері үшін жарыс қана емес, үлкен тәжірибе алаңы да. Биылғы фестивальға Қазақстаннан өзге Аустралия, Мысыр, Италия, Канада, Қазақстан, Мексика, Жаңа Зеландия, Ресей, АҚШ, Украина, Швецияны қоса есептегенде 11 елдің әскери оркестрлері қатысады.

- Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери музыканттарының дайындық деңгейі жеткілікті жақсы деңгейде, әскери оркестрдің жеке құрамы халықаралық фестивальдардың тұрақты қатысушылары болып табылатынын айта кету қажет. Әр жыл сайын оркестр көпшілікке танылып жүр. Орталық әскери оркестр әскерлер парадына, сондай-ақ республикамызда өтетін барлық қоғамдық маңызды іс-шараларға, «Әскери керней», «Труба мира», «Спасская башня»,  «Астана самалы» секілді халықаралық фестивальдарға ұдайы қатысып отырады. Сәтті және қажырлы еңбектің арқасында ҚР ҚМ Орталық әскери оркестрі мемлекетіміздің үздік шығармашылық ұжымдарының бірі болып танылды, - деп жазады ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Наньчандағы бесінші халықаралық фестивальға қазақ елінің атынан қатысатын ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі зор табыспен ораларына сенім артамыз. 

Бөлісу: