"Байқоңыр" қысқаметраж фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

"Байқоңыр" қысқаметраж фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Фото: tengrinews.kz

Алматыда "Байқоңыр" қысқаметраж республикалық фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды.

15-16 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен "Көк-Төбеде" "Байқоңыр" қысқаметраж республикалық фильмдер фестивалі өтті. Екі күн бойы 35 фильм мен байқаудан тыс 3 картина таныстырылды. Сондай-ақ, 48 сағатта түсірілген 10 үздік жұмыс көрсетілді.

Конкурстың қазылар алқасы мүшелігіне қазақстандық белгілі кинематографшылар енді: режиссер Эля Гельман, сценарист Алия Байжанова, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов, продюсер Анара Қашағанова, актриса Гүлнара Досматова, документалист Жәнібек Жетіруов, оператор Азамат Дулатов, киносыншы Ғалия Байжанова, режиссер, "Байқоңыр-2016" жеңімпазы Шарипа Оразбаева. Қазылар алқасын киноматографшылар одағының төрағасы Азат Ыбраев басқарды.

"Бас жүлде" - "Жесткий тип", Баймұрат Жұманов;
"Үздік режиссер" - "Пәтер", Ербол Бораншы;
"Үздік оператор" - "Малыбайдағы оқиға", Тұран Мұрал;
"Үздік қоюшы-суретші" - "Куб", Бекен Нарбай;
"Үздік сценарий" - "Квартира 6", Олжас Ахметов;
"Үздік эксперименттік фильм" - "Ğayşa", Сәбит Әбди;
"Үздік деректі фильм" - "Мен оралдым", Жайық Белқожаев;
"Үздік анимациялық фильм" - "Сыйқырлы бақша", Тоғжан Байсабаева;
"Үздік актер" - "Друзья", Ерболат Ержанов;
"Үздік актриса" - "Шыңырау", Перизат Маденова;
"Қазылар алқасының арнайы жүлдесі" - "Малыбайдағы оқиға", Самғар Рақым;
"Бродвей" таңдауы - "Однажды в маленьком городе", Асылхан Шакенов;
"Я в тебя верю", Айша Шәймерденова.

Бұл жүлделерден бөлек New York Film Academy "Мәди" фильмінің режиссері Бигелді Әбдібекке Алматыда қазан айында режиссурадан өтетін шеберлік сыныптарына сертификат берді.

Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарына "Байқоңыр" қысқаметраж II республикалық фильмдер фестивалінің серіктесі "Меломан" компаниясынан 20 мың теңге түріндегі сертификат берілді.

Байқоңыр" қысқаметраж II республикалық фильмдер фестивалінің серіктестері: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры, "Ел Арна" телеарнасы, RocketFirm.com фирмасы, "Туран" университеті, Көк-Төбе, "Неделька" кафесі, "Давай сходим!", "Хабар" агенттігі, Major Rental компаниясы, Өнер.kz - өнертанымдық порталы, Sputnik Kazakhstan, Tengri News және PostStudio.

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыда "Байқоңыр" қысқаметраж республикалық кинфестивалінің ашылғаны хабарланған болатын. Басты конкурстық бағдарламада 140 өтінімнен іріктелген 35 қысқаметраж фильм бар. Басты конкурстық бағдарламада 140 өтінімнен іріктелген 35 қысқаметраж фильм болды. 

Ө. Сансызбай