Латын әліпбиіне алаңдаған жастар Алматыда бас қосты

Латын әліпбиіне алаңдаған жастар Алматыда бас қосты
Фото: massaget.kz

11 қыркүйек күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында айтылған латын әліпбиіне байланысты ҚР Парламентінде латын әрпін енгізу мәселесіне қатысты жиын өтті. Бұл отырыста еліміздің тіл мамандары өз нұсқаларын ұсынып, талқылауға салған болатын. Өкінішке орай ұсынылған жаңа әліпбидің нұсқасы көпшілік қауымның көңілінен шыға қоймады. Бірі кезінде қабылданған латын әрпімен оқи берейік десе, бірі түрік әліпбине негіз болған әріптермен жүрсек деп пікір білдірді. Бір сөзбен айтқанда қоғам пікірі екіге жарылып кетті.

Осы мәселелердің туындауы еліміздегі әрбір облысы пен қаласында түрлі дөңгелек үстелердің өтуіне себепкер болды. 14 қыркүйек күні, ҚР Ұлттық кітапханасында да жастардың басқосуы өтті. «SARAPSHY» жетекші клубының ұйымдастыруымен өткен «Латын әліпбиіне өту: Алматы талқылаулары» атты дөңгелек үстелде тіл мамандары, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар, қоғам қайреткерлері, жастар мен студенттер, қала тұрғындары, мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында жастар өз ойларын ортаға салып, алдыңғы буын ағалармен пікір алмасуға мүмкіндік туды. Бір қуантатыны, көкірегі ояу, көзі ашық жастардың бар екендігі және олар айтқан ойлардың ерекше екені болды. Өскелең ұрпақ соңғы сөзін түйіндей келіп, Елбасының мақаласында көрсетілген, міндеттелген ұлттық құндылыққа жетелейтін латын әліпбиіне өту керектігін және де соны тездетіп енгізіп, жастарға беруін талап етті. Олар: «Бізге қол қойып берсеңіздер болды, әрі қарай өзіміз алып кетеміз!» деп басып айтты.

М. Ақан