Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы Мәскеудегі халықаралық Армия ойындарында үшінші орын алды

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы Мәскеудегі халықаралық Армия ойындарында үшінші орын алды
Фото: mod.gov.kz

2017 жылғы халықаралық Армия ойындары Мәскеудегі «Алабино» полигонында өтті. 28 елдің 150-ге жуық әскери командалары қатысқан жарыста қазақ әскерилері үздік үштіктен табылды.

Халықаралық Армия ойындарында далалық, әуе және теңіз машығы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынға Ресей Федерациясының командасы ие болса, екінші орынды Қытай Халық Республикасының құрама командасы жеңіп алды. Қазақ елінің намысын қорғаған 350-ден аса әскери қызметшілер 3 алтын 7 күміс және 5 қола медальмен үздік үштіктен көрінді.

Халықаралық Армия ойындарының төрешілері ҚР ҚК әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейлерін, кәсіби шеберліктері мен жауынгерлік дағдыларын ерекше атап өтті. Әсіресе «Танк биатлоны» жарысында қазақстандық әскерилер ерекше өнерімен көзге түсті. Онда танкішілеріміз 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен Т-72 танкісінің базалық моделінде жоғары кәсібилік пен басқару шеберлігін паш етіп, екінші орынды иеленді. Сондай-ақ 97616 әскери бөлімінің аға сержанты Орынбек Сәндібеков «Достастық жауынгері» байқауында екі рет биік тұғырдан көрінді.

Бүгінгі таңдағы халықаралық ойындар достықтың, халықаралық ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен ниеттестіктің жаңа нышанына айналып келеді. Халықаралық Армия ойындарына қатысушы елдер саны да жыл санап артып отыр.

Халықаралық Армия ойындарына қатысушы әскерилердің жетістігі жастардың бойына рух беріп, әскери-патриоттық тәрбие мен әскери өмірге құштарлығын оятатыны сөзсіз.

Ө. Сансызбай