«Қазақ Елі» анимациялық фильмі «Ең үздік сценарий» номинациясында жеңімпаз атанды

«Қазақ Елі» анимациялық фильмі «Ең үздік сценарий» номинациясында жеңімпаз атанды
Фото: astanatimes.com

Шілде айының соңында елордасы - Астанада ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында өткен «Бес құрлық»  балалар фильмдерінің фестивалінде «САҚ» киностудиясының «Қазақ Елі» толықметражды анимациялық фильмі «Ең үздік сценарий» номинациясын жеңіп алды. Бұл жөнінде ОҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Салтанатты шарада «Қазақ елі» анимациялық фильмінің режиссері, облыстық Мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» КММ-нің директоры, «САҚ» киностудиясының белгілі сценаристі, режиссер Батырхан Дәуренбековке кинофестивальге белсене қатысып, балалар киносының дамуына ықпал жасағаны үшін ҚР Тұңғыш Президенті  - Елбасы Қорының арнайы жүлдесі мен «Алғыс хаты» салтанатты түрде тапсырылды. 

Фестивальдің бағдарламасында Қазақстан, Франция, Нидерланд, Қытай, Ауғанстан, Иран, Тунис, Перу, Үндістан, Мексика, Испания, Италия, Дания, Грузия және т.б.  елдердің шығармашылық топтарының жұмыстары көрсетілді. 

Айта кетелік, аталған байқау Канн, Берлин, Венеция сынды «А» классты фестивальдермен  тең дәрежеде продюсерлік қауымдастықтың Халықаралық одағында (FIAPF)  тіркелген, Орта Азиядағы орасан зор  кинофорум болып табылады.

Ж. Жұмағұлов