Қазақстанда тұңғыш рет жас мемлекеттік қызметшілердің слеті өтті

Қазақстанда тұңғыш рет жас мемлекеттік қызметшілердің слеті өтті
Фото: Автордан

Қызылорда қаласында аймақтық жас мемлекеттік қызметшілердің слеті өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, сонымен қатар, Қызылорда облысының жас мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Слет аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжановтың қатысуымен «Дамыған 30 елдің қатарына кіруде жастардың ролі» атты форум ұйымдастырылды.

Форум барысында облыс әкімі ел экономикасын басқаруда жаңа тәсілдерді тиімді пайдалану үшін мемлекеттік аппаратта кәсіби, жаңашыл практикалық жұмыс тәжірибесі прогрессивті және креативті ойлау қабілеті бар кәсіпқой мамандардың болуы қажет екенін баса айтты.

– Әрине, қай кезеңде де, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сондықтан, Мемлекет басшысы кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуында жастарға ерекше үміт артады. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін»деген Мағжан Жұмабаевтың керемет сөзі де осыған дәлел емес пе? Сіздерге мемлекеттік қызмет саласында жаңашыл да заманауи, шыдамды болыңыздар деймін! Сол кезде ғана барлығына қол жеткізе аласыздар!- деді облыс әкімі.

Агенттіктің аппарат басшысы Саян Ахметжанов кәсіби мемлекеттік аппарат құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Форум барысында мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер де талқыланды. Eкі күнге созылған шара барысында әр аймақтан келген мемлекеттік қызметшілер Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, Қорқыт ата мемориалдық кешенін тамашалады. Сондай-ақ, слет аясында 5 шақырымдық «Адал жол» марафоны ұйымдастырылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті

Г. Берік