The Spirit of Tengri мерейтой фестивалін "Барабаны Алматы" ашады

The Spirit of Tengri мерейтой фестивалін "Барабаны Алматы" ашады
Фото: tengrinews.kz

Алматыдағы The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінің бес жылдық мерейтойында қазақстандық "Барабаны Алматы" жобасы мен "Тиграхауд" тобы таныстырады.

Фестивальдің бас режиссері Сергей Майбороданың айтуынша, биыл осы уақытқа дейінгідей кеште ауқымды салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланып отыр. "Барабаны Алматы" жобасы музыканттарының өнері мен олардың көмеймен ән орындауы фестивальдің беделі болып саналады. Сонымен қатар, музыканттар фестивальде қазақтың ұлттық аспаптары – домбырамен және қобызбен өнер көрсетеді. Фестиваль ұйымдастырушылары қатысушы елдердің географиясын кеңейткен. Бұл жолы фестивальге қатысатын музыканттардың саны артты. "Биыл The Spirit of Tengri жобасы Алматыда, Қазақстанның басқа да қалаларында бірнеше іс-шара дайындап жатыр. Астанада бірнеше ауқымды шоу өткіземіз. Нақты айта алатынымыз – биыл The Spirit of Tengri фестивалі еліміздің елордасында өтеді", - деді фестивальдің бас режиссері.


Айта кетейік, "Барабаны Алматы" жобасы былтыр да фестивальге қатысып, тыңдармандардың есінде қалған еді. Жобаның негізін қалаушы Данил Квочкин осы фестивальді ұйымдастырушыларға шетелдіктермен бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтады. "Бұл сирек кездесетін жағдай, бірақ The Spirit of Tengri фестивалінің арқасында түрлі елден келген мықты адамдарды өз көзімен көруге мүмкіндік пайда болды. Біз бұл жолы да фестивальді ашамыз, сіздерді өте қызық нөмір күтіп тұр. Ырғақтармен жеткізілген дала рухы, барабандар және тағы да басқа. Мұның барлығы ежелде болған оқиғалармен байланыстырылады", - деді Квочкин.

"Біздің кезінде көшіп жүргенімізді, әскерлерімізді, шабуылдарымызды көрсететін үлкен тарихымыз бар. Осының барлығын біріктіру үшін африкалықтарға сияқты бізге де барабандар қажет болды. Тарихымыз ұқсас. Барабандар оларда да, бізде де болды. Ешқандай айырмашылық та жоқ. Барабанның құрылымы ұқсас. Барлығымыздың түп-тамырымыз бір", - дейді "Барабаны Алматы" жобасының жетекшісі. Айта кетейік, биыл фестивальде африкалық музыканттар да өнер көрсетеді. Африкадан келген Speed Caravan (Алжир-Франция) тобы мен Секоу Коуятэ (Гвинея) алғаш рет фестивальге қатыспақшы. Айта кетейік, 2015 жылдың қазан айында Sekou Kouyate жазған "SABARU" албомы Global Music Awards рәсімінде алтын медаль иеленген. "Speed Caravan - заманауи аспаптармен араласқан африкалық этникалық музыка, ал Секоу Коуяте Гвинеяның ұлттық аспабы - корамен өнер көрсетеді. Бұл мықты шеберлердің аспабы", - деп түсіндірді барабаншы.

Ал фестивальде Қазақстанды таныстыратын екінші топ - Талдықорғаннан келетін "Тиграхауд" тобы. Олар этникалық аспаптармен және көмеймен ән айту арқылы қазақша рок орындайды. Айта кетейік, музыканттар биыл фестивальге үшінші рет қатысып отыр. 

Еске салайық, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары. Фестивальдің бас серіктесі - Kaspi.kz. The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда open-air форматында Абай атындағы Республика сарайында 20-21 мамырда өтеді. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Фестивальге техникалық қолдауды KZ Sound компаниясы көрсетеді. Кіру тегін.

Г. Берік