Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің қиындықтарын қалай шеше аламыз?

Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің қиындықтарын қалай шеше аламыз?
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жылдардың басында академик Әбдуали Қайдар ағамыз көтерген болатын. Орыстан кетсек, оңбай қаламыз деп, өре түрегелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руханиятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ бала-шағасымен орысша сөйлесетін тілші-ғалым аға-апаларымыз да жүретін. Пәлен ғасырғы жазушымыз арабқа оралсақ қайтеді дейтін бірен-сараңдармен қатар түбі бір түркі түгелденіп, орхонға қайтса жөн болар еді – деген асқақ армандар да болған еді.

Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі сияқты әліпбилердің ішінен латынға тоқтап отыр. Бірақ арамызда оны жақтыртпайтындар әлі де баршылық. Әліпби мәселесіне қатысты осындай жиындарда 20 жыл бұрынғы әңгімені қозғап, алға жылжымай табандап жатып алатындар бар. Алайда ғылымы мен мәдениеті дамыған еуропа елдері латын әліпбиін қолданады. Қазіргі ақпараттық-қатыстық электронды құрал-жабдықтардың тілі де латын қарпіне негізделген. Латын әліпбиінің осындай және т.б. да артықшылығын ескерген қазақ қоғамы осы әліпбиге көшуге басымдық беріп отыр.

Жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліпбиінен, сол арқылы күштеп ендірілген өзгетілдік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс-әріптер қолданылатын өзгетілдік сөздер орысша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қалпында жазуға мәжбүрлейтін емле ережелерінен, айналып келгенде, орыс тіліне тәуелділіктен құтылуға болады. Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің табиғатына тән емес дыбыстарды әліпбиге кіргізбеу арқылы қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, табиғи бітім-болмысын сақтап қала аламыз. Тілміздің дыбыстық жүйесіне негізделген әліпбиін құрастырып, төл дыбыстарымыздың тіркесім заңдылығын сақтай алсақ, емле ережемізді дұрыс түзуге де, жалпы халықтың сауатты жазуына да зор мүмкіндік туады.

«Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі: қиындықтары мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстел барысында осыған қатысты мәселелер кеңінен сөз болып, филолог ғалымдар, әдіскерлер және IT мамандар тарапынан тиісті ұсыныстар ортаға салынып, кеңінен талқыланатын болады.

Аталған тақырып Мемлекеттік тілді дамыту институтында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырысымен ғылымды 2015-2017 жылдары гранттық негізде қаржыландыру аясында зерттеліп жатыр. Ондағы ғалымдар болашақта өз тараптарынан көпшіліктің талқысына латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобасын ұсынбақшы.

Ж. Жұмағұлов