Алматыдағы Наурыз мерекесі: Қаланың ортасына қазақ ауылы көшіп келеді

Құрметті алматы қаласының тұрғындары! Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 22 наурызында Астана алаңы мен Атлеттер ауылында «Наурыз мерекесі» тойланады. Жер дүниені жаңғырта келген Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық нақыштағы қызықты қойылымдар, айтулы әншілер, мың бұралған бишілер той көрігін қыздыра түспек. Мерекелік шара сағат 11:00-де басталады. 

Астана алаңына киіз үйлер, әр түрлі қостар, шатырлар тігіліп, наурыз тақырыбына орай жасалған инсталляциялар орнатылады. Мерекеде «Мүшел» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, қазақтың көнеден келе жатқан «Самалық», «Түлік жыры» атты ритуалды ән-жырлары орындалады.

Мерекелік қойылым өтетін алаң ұлттық нақышта безендіріледі. Барлық мерекелік іс-шара, ән-би, театрландырылған қойылым ҚБТУ ғимаратының алдында өтеді.

Ал, Атлеттер ауылындағы мерекелік қойылым өтетін алаң тұтастай жаңа қоныстанған қазақ ауылын көз алдыңызға келтіреді. Алаңның кіреберісіне ежелгі үлгідегі қақпа орнатылып, оның екі жақ шетіне көне күйме үстіне тігілген 2 киіз үй қойылады.

Мереке өтетін алаңға «шамдал», «қос», «көне сауда арбалары», «таңбалы тастар», «тарих тегершігі» атты инсталляциялар және ұлттық нышандағы әртүрлі мүсін қойылады.

«Ұлыстың ұлы күні» мерекесінде Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Тілеулес Құрманғалиев, Еркін Шүкіман, Айгүл Қосанова сынды қазақтың танымал әншілері, Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, «Қоңыр», «МузАрт», «Алашұлы» топтары, Айқын Төлепберген, Әли Оқапов, Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева сияқты танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.