Жаңа кітап тұсаукесері өтеді

Жаңа кітап тұсаукесері өтеді
Фото: whytoread.com

2017 жылы 2 наурызда, сағат 16.00-де Н.Дәулетова атындағы залда «Атырау облыстық драма театры» атты кітаптың (авторы белгілі сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова) тұсаукесер рәсімі өтеді. 

Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту» екені атап көрсетілді. 
Адами капитал сапасын жақсартуға еліміздегі іргелі аймақтардың бірі, экономикамызға мол үлес қосып отырған Атырау облысында да ерекше көңіл бөлінеді.  

Осының бір нақты көрінісі – «Атырау облыстық драма театры» кітабының облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көруі. Атырау театрының жетпіс жеті жыл ішіндегі шығармашылық тарихы туралы алғашқы толымды үлкен еңбектің авторы белгілі сыншы Әлия Бөпежанова. 

Кітапта театрдың өсу-өркендеу жолы қоғамның және жалпы еліміздегі сахналық үдерістер дамуымен байланыста, жүйелі жалғастықта зерделенеді. Қалың көрерменді өнерімен сусындатып, ізгілік дәнін сеуіп, адами мазмұнды байытуға зор үлес қосып отырған театрдың қазақ сахна өнерінің алтын қазынасына қосылған кезеңдік спектакльдері мен актерлік һәм режиссерлік табыстары кеңірек қарастырылып, еліміздің мәдени өмірі, рухани тынысындағы үлкен қызметі мен орны айқындалады. 

Бүгінгі таңда «Қазақстан-2050» Мемлекеттік стратегиясында көрсетілгендей, «қазақстандықтардың жаңа мәдени ментальдығын қалыптастыру» жолында қажырлы еңбек етіп отырған облыстағы Махамбет атындағы театр туралы кітаптың тұсаукесеріне белгілі әдебиет-өнер қайраткерлері, театртанушылар, кітапханашылар қауымы, республикалық БАҚ пен Эл-БАҚ өкілдері, өнерсүйер көрермен және Атырау облыс әкімінің орынбасары Нәутиев Әлібек Ибатоллаұлы бастаған, құрамында Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы, Тілдер дамыту басқармасы басшысы Әбдешов Баязи Мадешұлы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Қалауи Мейрім Жоламанұлы, Атырау облыстық театр директоры Жаменов Берік Қилекешұлы, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Жангелдиев, мәдениет қайраткері Әлия Жақсыбаева, белгілі суретші-сценограф Гүлмаржан Махамбет, тағы басқалар бар арнайы делегация қатысады. 

Ж. Жұмағұлов