Қытай Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиетінің орталығы ашылды

Қытай Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиетінің орталығы ашылды
Фото: mks.gov.kz

Қытай Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті орталығының ашылу салтанаты өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толу қңында болып отыр, - деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Мәдени шараға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР Жазушылары одағы төрағасының орынбасары Әкбар Мәжит, Қытай Ұлттық кітапханасының басшысы Хань Юньцзинь, Қытай Халық Республикасы Мәдениет министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гун Цзяцзя, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Қытай Ұлттық кітапханасының мамандары – басшының орынбасары Чэн Ли, халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Чжан Сю, коллекциялық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Ван Чжигэн және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстан әдебиеті орталығының ашылуы – бұл өмірдің түрлі саласындағы Қазақстанның жетістіктері жайлы қытай халқына әдебиеттер арқылы әңгімелеудің тамаша мүмкіндігі. Орталыққа 150-ден аса кітап сыйға берілді. Сол қатарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, Елбасының ерекше еңбек жолдарын сипаттайтын туындылар, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық, тарихи еңбектер бар.

Кітаптарға қытай оқырмандары қызығушылық танытып, қазақ халқының мәдени қазыналарымен жете танысуға құлшыныстарын білдіріп үлгерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталықтың ашылуы Қазақстанға, қазақ тілі мен мәдениетіне, сондай-ақ экономикалық дамудың қазақстандық моделіне Қытайда да қызығушылықтың өсе түскенінің маңызды айғағына айналды. Іс-шараға қатысушылардың назарына «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концерті ұсынылды.

«Бүгін Қытай Халық Республикасында Қытай мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға орын алып отыр. Қаңтар айында Қытаймен дипломатиялық байланыстардың орнағанына 25 жыл толады, сондықтан мұнда Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Бұл еліміздің Тәуелсіздігі қарсаңындағы айтулы оқиғаға айналды. Біз мәдениет пен тарихқа қызығушылық танытатын оқырмандарға белгілі қазақ қаламгерлері мен қайраткерлерінің еңбектерін ұсынып отырмыз. Ең бастысы, бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері», – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева.

Қазақстан әдебиеті орталығын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымы ашты.

T. Кіршібаев