Алматыда ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін жаңа Орталық ашылды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін №7 психологиялық-педагогикалық коррекциялы жаңа кабинеттің ашылуына қатысып, оның жұмысымен танысты. Алатау ауданындағы Оқушылар үйінің ғимаратында ашылған бұл Орталық қалалық Білім басқармасы мен «Болашақ» қайырымдылық қорының бірігіп жұмыс істеуі арқасында жүзеге асты, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда мегаполисте ерекше қамқорлықты қажет ететін 7 мыңнан астам бала тұрады. Соңғы 9 ай ішінде 877 бала психолог иялық -педагоги калық коррекци я көмегін алды. Осындай кабинеттерде 5 588 балаға тиісті кеңес берілді.

Жаңа Орталықта жылына 180 бала оңалудан өтеді. Әр баламен және түрлі топтармен арнайы мамандар тікелей жұмыс істейді. Көзінде, құлағында, қимылында, сөйлеуінде, дамуында мүкіс бар балдырғандардың ерекше қамқорлыққа зәру екендігі анық. Осы ретте мұндай Орталықтардағы арнайы мамандар баланың дұрыс өсіп- жетілуіне кәсіби көмек көрсетуде.

«Болашақ» қайырымдылық қорының басшысы Динара Шайжүнісова өзінің сөзінде болашақшылардың «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында 2016 жылы дүниеге келген екінші психологиялық -педагогикалық коррекция кабинеті екендігін, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мұнда барлық жағдайдың жасалғандығын айтты.

«Коррекция кабинеттерінің жұмысы арнайы мектепке дейінгі балалар мекемелеріне бармайтын, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өте тиімді және балдырғандардың дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған», - деп атап өтті Д.Шайжүнісова.

Орталық оңалтуға қажетті заманауи қондырғылармен толық жабдықталған, емдеу физкультурасының, Монтессоридің кабинеттері, музыка ырғағы залы, сенсорлы бөлме, ойын аймағы,логопед, дефектолог, психолог, әдістемеші кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда кедергісіз орта да бар, дәліздер кең, ал ақпараттық тақталар Брайл шрифтімен толтырылған.

Атап өтерлік жайт, бұл Орталықтың Алатау ауданында ашылуы тегін емес. Өйткені, қалаға кейін қосылған елді мекендерді дамыту моделін жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттің 60%-ы Алматыға жаңадан қосылған аудандарға бөлінуде.

Алатау ауданында 8 жыл ішінде 9 мектеп, 11 мемлекеттік және 35 жеке бала бақшалар іске қосылған, 2016 жылын 21бала бақша, 4 емхана салынды. Жеке инвесторларды тарту есебінен құны 335 млн. теңге болатын 14 спорт және ойын алаңдары салынды. «Алғабас-6», «Нұркент», «Ақкент» ықшам аудандары пайдалануға берілді. «Саялы» ықшам ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында құны 15,8 млрд. теңге болатын 68 үй салынды. Универсиаданың обьектілері - 12 мың орынды «Алматы Арена», Атлеттер ауылы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры және басқа да көз тартар ғимараттар бой көтерді.