Ресей Федерациясы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз павильонын алды

Ресей Федерациясы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз павильонын алды
Фото: expo2017astana.com

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ресейдің ұлттық павильонының комиссары, РФ Өндіріс және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламановпен кездесті.

Басқосуда екі жақ ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мәселесін талқылады. Кездесуде Ахметжан Есімов делегация өкілдеріне «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысының соңғы кезеңі туралы баяндады. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасының Төрағасы барлық жұмыстардың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Өз кезегінде, Георгий Каламанов Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша өздерінің технологияларын көрсету мүмкіндігі үшін ризашылығын білдірді. «Қазіргі таңда Ресейдің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы барлық мәселелер шешілді. Айталық, қатысу тұжырымдамасы, бірқатар ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Ресейлік компаниялар қосылуға әзір. Көрме тақырыбы біз үшін өте маңызды. Сондықтан барынша аянып қалмауға тырысамыз», - деді Ресей секциясының комиссары.

Кездесу соңында РФ павильонын тапсыру бойынша құжаттарға қол қойылды. Павильон аумағы – 1008,6 шаршы метр. Ресей делегациясының келісімі бойынша келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында павильонның мазмұнын толтыруға кіріседі.

Бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеге 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады.

T. Кіршібаев