Алматыда қаланың инвестициялық аухалын жақсарту жөніндегі кеңестің мәжілісі өтті

Алматыда қаланың инвестициялық аухалын жақсарту жөніндегі кеңестің мәжілісі өтті
Фото: almaty.gov.kz

Бүгін Алматыда оңтүстік астана басшысы Бауыржан Байбектің төрағалық етуіменинвесторларды тарту және қаланың инвестициялық аухалын жақсарту жөніндегі Кеңестің алғашқы мәжілісі өтті, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңес құрамына халықаралық қаржы ұйымдарының, шетелдік компаниялар ассоциацияларының, консалтингтік және заң жөніндегі компаниялардың 42 өкілдері, ірі шетелдік және қазақстандық кәсіпкерлер енді.

Жиын барысында әкімдіктің соңғы жылдары инвестиция тарту жөніндегі жұмысы қорытындыланды және оңтүстік астананың инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша ұсыныс- пікірлер айтылды.

Кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев өзінің сөзінде «жалпы, Алматы қаласы бойынша үстіміздегі жылдың 11 айы ішінде негізгі капиталға инвестиция тарту 1,1 миллиард АҚШ долларын құрады» деді. Ол қаланың барлық салаларында 100 елдің 14 мыңнан астам шетелдік компанияларының жұмыс істеп жатқанын да сөз етті.

Кеңес мүшелері қалада инвестиция тарту үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалып жатқандығын атап өтті. Кешенді шаралар барысында инвесициялық аухал да жақсара түскен. Соның арқасында, Алматыда халықаралық ұйымдардың, трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офисі, банктердің негізгі офистерінің 90 пайызы орналасқан.

Каспий өңірі бойынша «Deloitte» компаниясының серіктес басқарушысы Марк Смит қаланың туристік потенциалының жоғары екендігін атап өтті. Ал бұл мегаполис экономикасына оң әсер ететіні белгілі.

«Алматыда дүкендерден сатып алуға болатын жоғары сапалы азық- түлік өнімдерін шығару ісі жақсы жолға қойылған. Мен осындай сауда орындарының бірінен әлемдік стандартқа сай жергілікті өнімді алғанымда таңданғаным рас. Бұл Алматыда агроөнеркәсіптік кешеннің өркен жайып келе жатқанын көрсетеді», - деді М.Смит.

Ресей мен Евразиядағы (CERBA) Канаданың іскерлік ассоциациясының өңірлік директоры Тасқын Қошман Канаданың іскерлік ассоциациясы Алматы қаласының әкімдігін Ванкувер қаласына бауырлас қалалар арасындағы іскерлік байланыс мәселесін талқылауға шақырды. Келер жылдың мамыр айында осы сапар аясында қоғамдық көлікті, туризмді, ақылды қаланы дамыту мәселелерінің талқыланатынын айтты.

T. Кіршібаев