Қылқаламнан тамған тарих

Қылқаламнан тамған тарих
Фото: ҚР Ұлттық мұражайының жұртшылықпен байланыс бөлімі

Алматыны сүйетін жанның атақты «Есентай» жағалауымен жүрмеуі мүмкін емес. Есентай. Весновка. Есіңізге түсті ме? Әкемтеатрдан шығып, жағалау бойымен жоғары өрлеп келе жатқаныңызда Сәтбаев көшесімен қиылысындағы көзіңізге шалынар көпірдегі сурет ше? Иә, жай ғана көшедегі қабырғаға салынған сурет. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші Әбілхан Қастеевтің көпір қабырғасына салынған суреті. Сол бір тас қабырғадағы суретшінің жанарына тас қаланың бар қасіретін сыйдырып жібергендей көрінеді. Бұл – белгілі суретшіге деген белгісіз суретшінің шын құрметі шығар. Жағалаудан көпір үстіне көтерілсеңіз суреттегі қасіретті жанның атына ашылған өнер мұражайына маңдайыңыз тіреледі. Өнер түсінем деген Алматыға келген әрбір жанның бір бас сұғып, аяғын талдыруға тұрарлық жер. Ал, сол мұражайдан бірнеше өнер туындысы Сарыарқа даласына жол тартты. Әлқиссасынан бастаған жөн болар. 

2016 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ҚР Ұлттық музейімен бірлесе ұйымдастырған, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-конкурсының ашылу рәсімі өтті. 

Жобаның басты мақсаты – қазақ халқының тарихындағы беймәлім беттерді көрсетіп, көркем образдар туындыту, ел есінде қалған тарихи тұлғаларды сомдау болатын. Екі аталымдағы (кескіндеме және мүсін) ауқымды жобаға тарихи тақырыпқа арналған көркемдік туындылар шығарылу ұсынылды. 

Республика көлемін қамтыған жобаға көптеген суретшілер қызығушылық танытып, Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Атырау, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Түркістан сынды ірі қалалары мен аймақтарынан кескіндемешілер мен мүсіншілер қатысты. Осылайша байқау нағыз халықтық жобаға айналды. Екі кезеңнен тұратын конкурстың алғашқысында, эскиздерді іріктеуге 90-ға жуық суретші қатысса, оның 67-сі екінші кезеңге өтті. Екі кезеңде де туындылардың байқау шарттарына сәйкес болуы қадағаланды. Сол талаптардың басты әрі маңыздысы – туындыларды «реалистік мәнерде» орындау болды. 

Төл тарихымызға арналған конкурсқа ұсынылған жұмыстар алуан түрлі. Оларда халықтың ұлттық сана-сезімін танытатын тақырыптарға деген қызығушылығы арта түсіп, тарихымызды жаңаша саралау жалғасын тапты. Тарихқа үңіліп, ұлттың тағдыр-талайын, бастан өткен ауыртпалықтарын ұғып, сол жолдағы бабаларымыздың ерен ерлігіне сүйсіну секілді, асқақ отаншылдық сезімге баулу, елін сүю, қасықтай қаны қалғанша жерін қорғау – барлық тарихи шығармалардың айтар тағылымы екені аян. Яғни, көрмедегі туындылар үлкен форматтағы, көп фигуралы, композициялық құрылымы жағынан күрделі, тақырыптық трактовкасы мен түстік бояу шешімі жағынан сан алуан. Әр картинаға қарап тұрып, қазақтың басынан өткен елеулі оқиғаның барлығы көз алдыңнан өтеді. Әр суреттен өз тарихыңды, оның бер жағында өзіңді көресің.

Әрине, бұл байқау. Өнер туындысының бағасын тек көрермен беруі керек десек те бәйге деген аты. Ұсынылған өнер туындыларына қарап тұрып жеңімпазды анықтаудың қаншалықты қиынға соққанын сезесің.

Конкурстың бірінші орыны Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеевке бұйырды. Туынды «Ақтабан шұбырынды» деп аталады. Үш картинадан тұратын триптих. 

Екінші орын «Қасым сұлтан ұстаханаға келді» атты картинасымен Нұрғожин Мейіржанға бұйырды. 

Ал, үшінші орынды Жақыпбек Әсетке «Алтын Орда хандығының құрылу қарсаңы» атты картинасы бұйыртты. 

Осылай қазақ суретшілерінің қылқаламынан бұл жолы тек бояу емес – тарих тамды. Тарихта төгілген қан тамды. Туындысын бітіріп, анықтап қарағысы келіп, алыстап барып картинасына көз тіккен суретшінің маңдайынан тер тамды. Мүмкін, жас шығар...

ҚР Ұлттық мұражайының
жұртшылықпен байланыс бөлімі

Ж. Жұмағұлов