Маңғыстауда батыр аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды

Маңғыстауда батыр аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды
Фото: mangystau.gov.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева аймақтағы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Бүгін біз көпбалалы аналарды ұлықтаймыз. Маңғыстау облысы республика бойынша туу көрсеткіші жөнінен көшбасшы аймаққа айналды. Бұл толықтай Сіздердің арқаңызда! Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 6472 «Алтын алқа» және 7411 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Ананың жанұядағы, тәрбие берудегі рөлі өте маңызды әрі көп еңбек етуді талап етеді. Алғашқы адамгершілік қасиеттерін – үлкендерді құрметтеу, ата-анаға және Отанға деген сүйіспеншілік секілді сезімдерін Ана ғана оята алады. Еңбектеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын, - деп құттықтады Бану Нұрғазиева.

Биылғы жылы жеті және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген маңғыстаулық 104 ана «Алтын алқа» құрметті белгісімен марапатталып, отбасында алты бала тәрбиелеп отырған 300 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталды.

T. Кіршібаев