Елордалық емханалар ашық есік күнін өткізеді

Елордалық емханалар ашық есік күнін өткізеді
Фото: annisa-today.ru

Ертең, 3 желтоқсан күні, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Денсаулық» акциясы ұйымдастырылады. Таңғы сағат 9-дан қаланың барлық емханаларында халық үшін ашық есік күні басталады, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл күні қала тұрғындары кардиолог, невропатолог, эндокринолог, гинеколог, онколог мамандардың кеңесін ала алады. Сондай-ақ, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ақпараттық-білім беру материалдары таратылады.

«Елорда емханаларында мұндай акциялар тұрақты негізде өткізіліп тұрады, мысалы, қан айналымы жүйесі ауруларының, инсульттың, бронхиалды астманың, онкологиялық аурулардың, соның ішінде сүт бездерінің қатерлі ісігінің, туберкулездің, қант диабетінің және т.б. аурулардың алдын алу бойынша. Барлық акциялардың басты мақсаты қоғамның назарын аурулардың өршуінен туындайтын өзекті мәселелерге аудару; ауыру қаупі жоғары топтарды медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің маңыздылығы туралы ақпараттандыру, және қазақстандықтардың өз денсаулықтары үшін ынтымақты жауапкершілігін арттыру», - деп атап көрсетті Астана қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Ақмарал Құрманбаева.

Шараның ұйымдастырушысы - Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы. Акция сағат 13-ке дейін жалғасады.

T. Кіршібаев