«Мұтылғанның тағдыры» білім сайысы өтті

«Мұтылғанның тағдыры» білім сайысы өтті
Фото: Абай мұражайы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында қараша айының 29 күні қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті ақын, ғұлама ойшыл, қоғам қайраткері Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұтылғанның тағдыры» атты білім сайысы өтті.

Дәстүрге айналған сайыстың басты мақсаты – Абайдың ақын шәкірті, жазушы, тарихшы, озық аудармашы, философ, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін, оның мұрасын жасөспірімдер арасында терең білуге ынталандыру және кеңінен насихаттау. 

Сайысты Абай қорық-мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева алғы сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараға Семей қаласы жоғары оқу орындарының және қала колледждерінің студенттерінен құралған бес топ қатысты.

Сайыс үш бөлімнен тұрды:

І. Үй тапсырмасы. Шәкәрім өмірі мен шығармашылығы жайында өнер (көрініс, ән, хор, т.б.) көрсету.
ІІ. Сұрақтарға жауап беру. 
ІІІ. Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқу. 

Сайысқа қатысушыларға мына тақырыптар ұсынылды:

– Шәкәрімнің өмірбаяны;
– Шәкәрім шығармаларының шығу тарихы;
– Шәкәрім лирикасы;
– Шәкәрімнің поэмалары;
– Шәкәрімнің қоғамдағы қызметі.

Осы талаптарға сай әділқазы алқасы: Семей қаласы тілдерді оқыту орталығының директоры, ақын О.Соғымбай, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Т.Қабышев, Т.Аманов атындағы №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Құнафина және Абай қорық-мұражайының қызметкерлері топтардың білімін, өнерін бағалап, сайыс нәтижелерін қорытындылады.

I орынды М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің «Әуезовшілер» тобы, II орынды Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Шұғыла» тобы, III орынды Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Үркер» тобы иеленді. Жеңімпаз топтар дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің «Жастар» тобына, «Авиценна» колледжінің «Мұтылған» тобына және топтарды дайындаған ұстаздарға, жетекшілерге арнайы алғыс хаттар табысталды. 

Ж. Жұмағұлов