Шағын шаһарларды дамытудың сегіз жобасы қолға алынады

Шағын шаһарларды дамытудың сегіз жобасы қолға алынады
Фото: didar-gazeti.kz

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасының инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыру барысы туралы мәселе қаралды. Сонымен қатар, Аягөз, Зайсан, Шар және Шемонайха қалаларын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарының, тілдерді дамыту мен қолданудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының орындалуы жөнінде ақпараттар тыңдалды.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ринат Омаровтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылдан бері облыста жылумен қамту нысандарын жаңғырту бойынша төрт миллиард теңгенің 12 жобасы іске асырылуда. Атап айтсақ, Өскеменнің Менделеев көшесіндегі жылумен қамту желілері жөнделіп, №3 қазандықтан жылу трассасы төселген. Семейде 12 шақырым болатын жылу желілері салынып жатыр. Сонымен қатар, үш нысанның құрылысын жүргізу бойынша мәселелер орын алып отыр. «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының талап-арызы бойынша «Данияр – С.Е.К.» ЖШС жауапсыз мердігер ретінде танылып, 17 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы өндірілген. Аталмыш мердігер «35 квартал» қазандығының екі кезегін, «Зооветинститут» қазандығын қайта құруы тиіс болатын.

– Жауапсыз мердігер ретінде облыстық сот таныған «Данияр – С.Е.К.» ЖШС-мен келісімшарт үзілуі тиіс. Бұл істің барысы сіздің және Семей қаласы әкімінің назарында болуы керек. Өкінішке қарай, осыған ұқсас кей жағдайларда сот органдары еш негізсіз мердігерлер мүддесін қорғап жатады, – деді аймақ басшысы.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру кезінде тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесіне де жіті көңіл бөлініп келеді. Айталық, былтыр бағдарлама шеңберінде 133 жұмыс орны құрылса, биыл 554 азамат еңбекпен қамтылған. Келесі жылға облыс осы бағдарлама бойынша Үкіметтен жалпы сомасы 38 миллиард теңге болатын 50 жобаны қаржыландыруды сұрап отыр. 50 жобаның 40-ы ауылдық жерлерде іске асырылатын болады.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев аталмыш бағдарлама аясында өз саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында сегіз білім беру нысанын салуға 5 миллиард 363 миллион теңге бөлінген. Осы жылы үш мектеп іске қосылды – Тарбағатай ауданының Жетіаралы ауылында, Курчатов қаласында және Ұлан ауданының Таврия ауылында. Жыл соңына дейін Риддердегі балабақша құрылысы аяқталмақ. Қалған төрт мектеп (Семей қаласының Бобровка кенті, Шемонайха ауданының Верх-Уба ауылы, Семей қаласы, Аягөз қаласы) келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Өскеменде 373 пәтерлі төрт несиелік үй салынуда. Ол үйдің құрылысы келесі жылы бітеді. Сонымен бірге, Өскемен мен Семейдегі жекеменшік тұрғын үй аумақтарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін Ұлттық қордан жеті миллиард теңге түсті. Семей қаласы мен Зырян және Ұлан ауданындағы бес нысанға инженерлік желі тартуға Үкімет резервінен қосымша 573 миллион теңге қаржы аударылды, – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі бөлінген қаражаттың игерілу жағына көп көңіл бөлуді ескертті. Салалық ведомство жетекшісі қаржының жыл соңына дейін толық игерілетініне уәде берді.

– Қаражаттың игерілуі – басты мәселе. Семей мен Өскеменнің инженерлік коммуникацияларын жөндеуге, салуға жеті миллиард теңге алып отырмыз. Мектеп құрылыстары жүруде. Ендігі міндет – жұмыстардың барысын жіті бағамдап, кестеден кешігуге жол бермеу, – деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев Аягөз, Зайсан, Шар және Шемонайха қалаларын кешенді дамыту жоспарларының іске асу барысына тоқталды. Аталмыш шағын шаһарларда 48 миллиард теңгенің сегіз зәкірлік инвестициялық жобасы қолға алынған.

Атап айтар болсақ, келесі жылы Аягөзде бордақылау алаңы мен сою цехы салынып, нәтижесінде 210 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының комбинаты іске қосылады. Зайсанда шыны шығаратын зауыт пен 15 гектарлық жылыжай кешені салына бастайды. Шар қаласында қуаты 35 мВт болатын жел электр қондырғыларының паркін құру қарастырылған. Сонымен қатар, әк өндіретін зауыт құрылысы жоспарланып отыр. Шемонайхада Артемьев кеніші шахтасының екінші ұңғымасын бастау көзделуде.

– Шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытудың басты құралы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы болмақ. Аталмыш төрт қалада 228 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр, – деді басқарма басшысы.

Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдын Шаймарданов Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 2014-2016 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарының орындалу барысын баяндады. Басқарма басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, өңірде бір облыстық және 10 аудан-қалалық тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыру кезінде оларда 12 452 адам қазақ тілін оқыған, тоғыз мыңға жуығы мемлекеттік қызметші мен бюджеттік сала еңбеккерлері, қалғандары өзге тұрғындар. Соңғы үш жылда мектептерде, кәсіпорындар мен мекемелерде құрылған үйірмелерде 40 мыңнан астам адам қазақ тілін үйренген. «Казцентр.кз» сайты ашылып, мемлекеттік тілді білем деушілерге мүмкіндік берілген. Аталмыш сайтты миллионнан астам адам қолданады. Мұнымен қоса, балабақшалар мен мектептерде үш мыңнан астам өзге ұлт өкілі қазақ тілінде білім алуда.

– Елді мекендер мен көшелердің атауларын өзгерту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. «Адресті регистр» жүйесіне облыс бойынша 1 076 әкімшілік-аумақтық бірлік пен 7 765 көше енгізілген. Ономастикалық комиссия екі елді мекеннің және 57 көшенің атауын ауыстыруды ұйғарды. Ұлты қазақ азаматтардың есімдерін қазақ тілінде жазу мақсатында 132 түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде, 4 703 азамат өз аты-жөнінің құжатта жазылуын қазақшалаған, – деді Айдын Шаймарданов.

Облыста 11 өзге ұлт өкілдеріне ана тілдерін оқып-үйренуге тамаша мүмкіндік қарастырылған. Орыс тілінің де қызметі толық іске асырылуда. 2014 жылы облыс тұрғындарының 89 пайызы орыс тілін білсе, қазір ол көрсеткіш 92 пайызға жетіп отыр. Тілдерді оқыту орталықтарында екі мыңнан астам, кәсіпорын-мекеме жанындағы үйірмелерде тоғыз мыңдай азамат ағылшын тілін үйреніпті.

Басқарма берген мәлімет бойынша, облыс тұрғындарының 77 пайызы қазақ, 92 пайызы орыс және 30,5 пайызы ағылшын тілін біледі. Облыстың мемлекеттік органдарындағы құжат айналымының 94,9 пайызы қазақ тілінде жүреді.

– Елді мекендердің және көшелердің атауларына мониторинг жүргізу керек. Бір ғана Өскеменде сегіз «Паровозная» атты көше бар екен. Бұл тұрғындарға, арнайы қызметтерге үлкен қиындық туғызады. Атауларды өзгертуде, ат қоюда жаңа тарихымызды, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдағында жеткен жетістіктерімізді де ескеруіміз қажет. Өңірімізге, егемендігімізді нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтар жетерлік. Әлбетте, бұл ретте көпұлтты ел екенімізді де қаперден шығаруға болмайды, – деді осы орайда аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

didar-gazeti.kz

T. Кіршібаев