Алаш арысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған салтанатты кеш

Алаш арысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған салтанатты кеш
Фото: Айнура Ибраева

24 қараша күні М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында Алаш арысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған "Алаштың Әлиханы" атты салтанатты кеш өтті.

ЮНЕСКО жылдың ең мықты қайраткері деп таныған ұлы тұлғаның кешінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Алаштанушы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев сөз сөйледі. Кеш барысында Алаш ардагерінің өмірі мен мемлекеттік қызметі туралы деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Гүлзат Дәуірбаева, Еркін Шүкіманов, Әлиханның туған өңірінен 150 жылдық мерейтойға арнайы келген Дәуренбек Әркенов, белгілі әнші Фархад Кубеев, т.б. өнер майталмандары қатысты.

Концерт барысында "Отырар сазы" Қазақ мемлекеттік академиялық этнографиялық-фольклорлық оркестрі Құрманғазы, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындады. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актерлері Әлихан Бөкейхановтың өміріне қатысты қойылым жасады. Мазмұнды, мағыналы өткен музыкалық-поэтикалық кешті Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Ж. Жұмағұлов