Маңғыстау облысына «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келді

Маңғыстау облысына «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келді
Фото: mangystau.gov.kz

24 қараша күні кешкісін Маңғыстау облысының Болашақ стансасына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келді. Республикалық акция 1 қараша күні «Астана» темір жол вокзалынан бастау алды, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Республикалық акцияның мақсаты – Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктерімен таныстыру, халық бірлігін нығайту, мемлекет дамуының негізгі қағидаттары аясында қоғамды біріктіру, әлеуметтік және қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізу.

«Болашақ» стансасы 35 елді-мекен ішіндегі жиырмасыншы бекет болды.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Болашақ ауылы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бөлігі «Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жолының «Жаңаөзен-Қазанджик»  бөлігінде орналасқан  Болашақ шекаралық темір жол стансасы базасында 2012 жылы құрылған болатын. 2016 жылдың 1 қыркүйегіне бұл жерде 516 адам тұрып жатыр.

25 қараша күні акцияға қатысушылар – ҚР мәдениет және спорт, ғылым және білім, әділет, ұлттық экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ақпарат және коммуникация, ауыл шаруашылығы, ішкі істер министрліктерінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,  этномәдени бірлестіктерінің мүшелері және ҚХА «Қоғамдық келісім» РММ, «Атамекен» ҰКП, ҚР Кәсіподақ федерациясы жастар Кеңесінің сарапшылары,  медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызмет көрсету, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша консультативтік қызмет көрсетеді.

Пойыз жұмысының басты бағыты – халықтың барлық санатына, соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған топқа, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, еліміздің алыс елді-мекен тұрғындарына ерекше көңіл бөлу.

Сонымен бірге, республикалық акция аясында Болашақ ауылында «Болашағымыз-Бірлікте!» атты патриоттар форумы өтеді.

Еске сала кетейік, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 43 күн ішінде еліміздің барлық аймағының 35 елді-мекенінде болып, өз жұмысын 14 желтоқсан күні Алматы қаласында аяқтайды.

T. Кіршібаев