Туризмді дамыту жолы талқыланды

Туризмді дамыту жолы талқыланды
Фото: ontustik.gov.kz

Облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің тренер шеберлері - Джеззим Оздемир және Мурат Озен, сондай-ақ, Түркиядағы турагенттіктер қауымдастығының уәкілетті өкілі Чери Эрдалдың кездесуі өтті. Оңтүстіктегі туризм саласының мамандарын оқытуға келген делегация мүшелерімен болған отырыста тараптар аймақтағы аталмыш саланы дамыту жайын талқылады. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Басқосуда өңір басшысы облыстың туристік әлеуетінің жоғары екенін айтып, түркиялық туризм саласы білгірлерінің бұл салада мол тәжірибесі барын жеткізді.

«Біз туысқан түрік ағайындармен тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Өйткені, Түркияда соңғы уақытта туризм саласы жақсы дамып келеді. Мысал келтірсек, кейінгі жылдары Түркияға 40 млн. турист келген. Анталия мен Аланияның өзінде инфрақұрылымы жолға қойылған және қызмет көрсету деңгейі жоғары 1500-ден астам үш жұлдызды, төрт жұлдызды және бес жұлдызды қонақ үйлер бар. Сондықтан, бізге олардың тәжірибесін пайдалану керек», - деді әкім.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы туристік фирмалардың қызмет көрсету деңгейін жақсарту үшін апталық оқу курсын өткізуге келген түрік делегациясы туристік операторлардың біліктілігін жетілдіру, мейрамхана бизнесіне баулу және қонақ үй менеджментіне үйрету тақырыптарынан тұратын үш кезеңді шеберлік дәрістерін өткізбек. Оған 70-тен астам туризм саласындағы мамандар қатысады.

Айта кету керек, аталған оқу курсы «Оңтүстік Қазақстан облысының туризм индустриясын дамыту қауымдастығы» мен Түркияның турагенттіктер қауымдастығы және туристік ақпараттық орталығының келісімі нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.

Апталық оқыту жұмыстарынан соң, курсты сәтті аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілмек.

T. Кіршібаев