Қазақстандық ғалымдар «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз наградасымен марапатталды

Қазақстандық ғалымдар «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз наградасымен марапатталды
Фото: edu.gov.kz

Алматыда «Ғылым және инновациялар – экономикалық дамудың негізі» форумының шеңберінде бірқатар отандық ғалымдар «Ғылым көшбасшысы -2016» халықаралық тәуелсіз сыйлығының иегерлері атанды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отандық ғалымдардың ғылыми еңбектері жарияланымдылық белсенділігі және Web of Science (Thomson Reuters) ақпараттық ресурстарының негізінде дәйексөздер қолдану көрсеткіштері жөнінен үш номинация бойынша бағаланды. Атап айтқанда, «2011-2015 жылдардағы Қазақстанның дәйексөздері ең көп қолданылған ұйымдары» номинациясында марапатқа ие болғандар: Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев университет, В. Г. Фесенков ат. Астрофизика институты және ҚР Ұлттық биотехнология орталығы.

«Физика ғылымдары саласындағы жоғары импакт-факторы бар журналдардағы Қазақстан мақалалары» номинациясында Ә. Б. Бектұров ат. Химия ғылымдары институтының өкілдері тәуелсіз награда иегерлері атанды: Светлана Визер, Елена Сычева, Қазбек Ержанов, Нұржан Құрманқұлов. Сондай-ақ, Қызылорда мемлекеттік университетінің өкілдері: Рахат Құрманбаев, Темірболат Кеншінбай, және Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институтының ғалымы Дмитрий Воякин.

Техникалық ғылымдар саласында В. Г. Фесенков ат. Астрофизика институтының және Назарбаев университетінің ғылыми қайраткерлері Инна Рева және Алмагүл Ментбаева марапатталды. Медицина саласында – Қалалық кардиологиялық орталықтың өкілі Оразбек Сахов және Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің алымы Илья Азизов. Аграрлық және биологиялық ғылымдар саласында марапатқа ие болғандар - Л. Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университетінің өкілі Жақсылық Сәбитов және Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілі Бағила Майсұпова.

Сондай-ақ, әлеуметтік ғылымдар саласында – География институтының ғалымы Игорь Северский, және Назарбаев университетінің өкілдері – Марина Кішкентаева, Әділ Әшірбеков, және Закир Джумакулов.

«2008-2015 жылдары дәйексөздері ең көп қолданылған Қазақстан ғалымдары» аталымында физика ғылымдары саласында Әл-Фараби ат. ҚазҰУ өкілдері Мерлан Досболаев, Болат Оралбеков және Сүлеймен Демирел ат. Университет өкілі Мария Немченко марапатталды. Биология ғылымдары саласында: Илья Коротецкий, Инфекцияларға қарсы препараттар ұлттық орталығының ғалымы; аграрлық ғылымдар саласында – Қайсар Табынов, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ ғалымы; әлеуметтік ғылымдар саласында – Тимур Нарбаев, ҚБТУ өкілі; техникалық ғылымдар саласында – Максим Здоровец, Ядролық физика институтының ғалымы. Медицина саласында М. Оспанов ат. БҚММУ ғалымы Олжас Оразаев марапатқа ие болды.

Thomson Reuters компаниясының ТМД елдеріндегі ғылыми зерттеулер және зияткерлік меншік бөлімшесінің басшысы Олег Уткин: «Біздің компания Қазақстанның ғылыми-зерттеу және білім мекемелерімен тығыз жұмыс істеген 5 жылдың ішінде елдің ғылымы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ ғалымдары жариялайтын жұмыстар Web of Science-те дәйесксөздер қолдану бойынша белсенділік танытуда, ал жарияланымдардың көлемі мен саны батыс көздерімен бірдей деңгейге жетті. Біз бұл жетістіктер және ҚР-дың әлем ғылымына қосып отырған үлесін біздің ҰҒТАО-мен ортақ марапаттармен атап өтуге қуаныштымыз және қазақстандық ғалымдар мен журналдардың халықаралық ғылыми дискурсқа қатысу көрсеткіші әлі де артады деп сенеміз».

Thomson Reuters компаниясының зияткерлік меншік және ғылыми шешімдер саласындағы озық өнімдері туралы: Thomson Reuters компаниясының ғылыми зерттеулер және зияткерлік меншік жөніндегі бөлімшесі инновациялардың өмірлік циклының әрбір кезеңіне бағытталған әлемдік деңгейдегі шешімдерді ұсынады. Бөлімше инновациялардың өмірлік циклы үшін шешімдерді бүкіл әлем бойынша клиенттеріне ұсынады, осылайша, оларға өнертабыстың қайталанатын циклы бойы идеяларды ашуға, қорғауға және коммерцияландыруға мүмкіндік береді. 

120-дан астам елдегі 7 000-нан астам зерттеу ұйымдары мен ғалымдары өз зерттеулерін жүргізу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарынан дәйексөздер алу мәліметтерінің негізгі әлемдік базасына кіру үшін Web of Science платформасын жүйелі түрде пайдаланады. Олардың арасында Ресейдің 300-ден аса ұйымындағы мыңдаған зерттеуші (соның ішінде білім беру мекемелеріндегі, ғылыми-зерттеу институттарындағы және мемлекеттік органдардағы), және Қазақстан Республикасынан, ТМД-ның басқа елдерінен 300-ден аса ұйым бар. 2015 жылдың қарашасында Thomson Reuters компаниясы Web of Science палтформасын орыс тілінде іске қосты.

Thomson Reuters компаниясының Web of Science платформасы - түрлі техникалық және қоғамдық ғылымдардағы, өнер мен гуманитарлық ғылымдардағы зерттеу ашылымдары мен талдаулардың алтын стандарты, және Thomson Innovation - зияткерлік меншік саласындағы талдау мен бірлескен жұмыс істеуге арналған ең озық алаң, осы екеуі ғылыми зерттеулер мен ең соңғы патенттік зерттеулерге арналған ең озық шешім болып табылады. Thomson Reuters Cortellis медициналық-биологиялық ғылымдар саласындағы мамандар үшін ең қуатты сараптамалық платформа – дәрі-дәрмек құралдарын ойлап табу және әзірлеуге арналған ең озық шешім.

T. Кіршібаев