Елбасы Қазақстан судьяларының VII съезіне қатысты

Елбасы Қазақстан судьяларының VII съезіне қатысты
Фото: akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан судьяларының VII съезіне қатысты, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Съезге еліміздің судьялар корпусының өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, құқықтық қоғамдастық, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы съезде сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда түбегейлі жаңа өзгерістерге сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасқанына ерекше назар аударды.

– Сот жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты – тәуелсіз және сатылмайтын сот билігін қалыптастыру. Бұл жерде судьялардың адалдығы мен біліктілігі, сот төрелігінің әділеттігі мен қолжетімділігі маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы қабылданған «100 нақты қадам» ұлт жоспары құқық қорғау органдары мен соттардың қызметінің барлық қырын қамтитынын атап өтті.

– Бұл реформаның басты буыны сот билігі болып саналады. Біз оны жаңғыртпасақ, басқа шараларымыздың пайдасы болмай қалады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында сот жүйесін жаңғырту ісі басталып кеткенін атап өтті.

– Сот жүйесінің көп сатылылығы жойылды, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі енгізілді, IT-технологиялар негізінде барлық жерде сот талқылауларын аудио, бейне жазбалар арқылы фиксациялау тәсілі енгізілуде. Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз, онда ағылшын құқығы, сондай-ақ әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары қолданылады. Алқа билер сотының қолданылу аясы кеңейтілді, судьяларға қойылатын талаптар барынша қатайтылды, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жеке сот орындаушылары институтын бірте-бірте нығайту қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті сот жүйесін жетілдіру ісі бойынша алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын атап өтіп, сот төрелігін дамытудың перспективалы негізгі бағыттарын белгіледі.

– Қазіргі заманда Қазақстан соттарының алдында төмендегідей міндеттер тұр: Біріншіден – заң үстемдігін қамтамасыз ету, бұл міндетті шешуде сот басты рөл атқарады. Екіншісі – судьялардың жауаптылығын күшейту, бұл олардың тәуелсіздігіне қол сұғу деген сөз емес. Үшіншісі – лайықты судьялар корпусын қалыптастыру. Төртіншісі – сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету. Ал бесіншісі – бұл құқықтық ағартушылық мәселесі. Азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексінің қабылдануын елеулі оқиға ретінде атап өтті.

T. Кіршібаев