2017 жылы өтетін Универсиадаға 57 ел қатысуға өтінім берді

Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек ҚР Үкіметінің селекторлық мәжілісі барысында оңтсүтік астананың 2017 жылы өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындығы туралы айтып берді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Универсиада-2017 студенттік ойындар тарихындағы ең ірі жарыс болады, қазірдің өзінде әлемнің 57 елінен оған қатысу туралы өтінім келіп түскен. Бұған дейін 2011 жылы Эрзурум қаласында өткен жарысқа қатысқан елдер саны да біршама болған. Жалпы, визалық мәселе шешілді, 57 елдің 45-і Қазақстанға визасыз келе береді, 4 елге рұқсат елшіліктерде, ал 7 елге Қазақстанның әуежайларында беріледі. Оның үстіне Универсиада күндері қалада 195 спорттық және 16 қосалқы мәдени шаралар өтеді.

«Біз қала сервисін жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізудеміз. Өткен аптада Алматыныцң Халықаралық әуежайының қызметіне мониторинг жүргізудің нәтижесі бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, орын барлық проблемалар талқыланды. Нақтылы 40 пункт бойынша тапсырмалар берілді, кеденшілердің, шекарашылардың, линейлі полицияның, санитарлық қызметтің, кафе-барлардың, жүк қызметінің, автобустар мен таксилердің жұмыстарын жасқарту жөнінде қадап тұрып айтылды.Қоғамдық тамақтандыру, қонақүйлер және вокзалдар субьектілерімен де севристі жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп хабардар етті Алматы әкімі.

Ол өзінің сөзінде 13 мың өтінім арасынан 3000 еріктінің конкурстық негізде таңдалатындығын, волонтерлық жұмыста тәжірибесі бар әрі ағылшын және басқа тілдерді білетіндерге басымдылық берілетінін де жеткізді. Қалада 3 желтоқсанда Атлеттер ауылында тұрудың арнайы кестесіне тестілеудің басталатындығын, оған қоныстанудың, тамақтандыруды ұйымдастырудың, қауіпсіздіктің, тұрмыстық қызмет көрсету мен өзге де бағыттардың енетінін айтты.

Бұдан өзге қалада қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударылуда. Соңғы жылдары ІІД-нің материалдық- техникалық базасы 3 есе артты. Универсиаданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күш құрылымдарының 6,5 мыңнан астам қызметкерін тарту қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтарынан 8 ақпаны аралығында 8 нысанда спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Ойындар 7 халықаралық каналдар арқылы 80 елде көрсетіледі, оны 1 миллиардтан астам көрермен тамашалайтын болады. Қазақстанда ойындарды «Қазақстан», «Хабар», «Kazsport» телеарналары көрсетеді. 21 қазаннан бастап ойындар билеттері ресми түрде сатыла бастады. 5 қарашада «Алматы Арена да» жаппай сырғанау маусымы басталды. 16 қарашада «Халық Аренада» жаппай сырғанау және хоккей командаларының үй ойындары басталады.