«Құнанбай» фильмі Халықаралық бәйгеде жүлдеге ие болды

«Құнанбай» фильмі Халықаралық  бәйгеде жүлдеге ие болды
Фото: Қазақфильм

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Құнанбай» фильмі Уфа қаласында қазанның 26-28-і аралығында өткен «Күміс Ақбозат» атты ІІІ Халықаралық ұлттық және этникалық кинофестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесімен марапатталды. 

«Құнанбай» фильмі – атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Картинаның режиссері Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері Досхан Жолжақсынов. 

– Шығармашылық топтың фильмді түсірердегі мақсаты: халқымыздың құндылықтарын дәріптеу арқылы, жастардың бойында ұлттық рухты ояту болды. Енді міне, бүгінде еңбегімізді бағаланып жатыр. Картинаны түсіруге атсалысқан түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын,  деді фильмнің режиссері Досхан Жолжақсынов. 

Естеріңізге сала кетсек, «Құнанбай» тарихи көркем фильмі былтыр қыркүйек айында прокатқа шықққан. Осы жылдың қыркүйек айында Ресейдің Липецк қаласында өткен XII Халықаралық мұсылман кино фестивалінің негізгі байқауында көрсетілген болатын. 

Ал 30 қыркүйекте «Еуразия» кинофестивалі шеңберінде аталмыш фильм Ұлттық кинематография өнері және ғылымы академиясы тағайындаған «Тұлпар» ұлттық киножүлдесімен марапатталды. Басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсынов «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесімен, фильмнің композиторы Төлеген Мұхамеджанов «Фильмнің ең үздік музыкасы» жүлдесімен, ал картинаның қоюшы суретшісі Рустам Одинаев «Ең үздік суретші-қоюшы жұмысы» жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар, марқұм Таласбек Әсемқұлов және Досхан Жолжақсынов жазған фильмнің сценариі үздік деп танылды.  

Ж. Жұмағұлов