Елордада Ақмола облысының күндері өтіп жатыр

Елордада Ақмола облысының күндері өтіп жатыр
Фото: astana.gov.kz

Астанада Ақмола облысының ауқымды ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аймақтың Мәдени күндері аясындағы шараға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» акциясы арқау болған. Облыстың бірінші басшысы Сергей Кулагин Астана әкімі Әсет Исекешевті аймақтың жетістіктерімен таныстырды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде облыста өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 10 млн теңгеден 2015 жылы 335,4 млрд. теңгеге дейін өсті. Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін іске асыру кезеңінде инвестиция көлемі 84 млрд теңге болатын 104 жоба жүзеге асырылды, оның 38-і мал шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл жолы облыс жалпы сомасы 784 миллион теңгенің 2000 тонна азық-түлік өнімін алып келді. Бүгін және ертең қала тұрғындары өндірушілерден төмен бағамен ет, көкөніс, сүт өнімдерін сатып ала алады. Еске салсақ, жәрмеңке «Хан Шатыр» СОСО аумағында өтіп жатыр.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мазмұнды мәдени бағдарлама әзірлеген. Сағат 16.00-де облыстың үздік командаларының қатысуымен көңілді және тапқырлар клубының ойыны көрсетіледі. Сағат 19.00-де Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында «Шыңғысхан» спектаклі қойылады. Ал өңірдің әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктерімен Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін көрмеден танысуға болады. Осы жерде ақын, драматург, жазушы Құдайберді Мырзабектің «Жанымның мәңгі көктемі» атты шығармашылық кеші өтеді.

30 қазанда сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайының опера залында «Жер жұмағы - Көкшетау, Ел тұмары - Астана» атты концерт жоспарланған. Осы күні сағат 18:30-да М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры «Шәкәрім» спектаклін көпшілік назарына ұсынады.

T. Кіршібаев