Қазақстан экономикасы 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 0,4%-ға өсті

Қазақстан экономикасы 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 0,4%-ға өсті
Фото: http://economy.gov.kz/

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысы барысында Қазақстанның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық  экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алдын ала деректер бойынша 9 айда экономиканың өсу қарқыны қаңтар-тамыз айларындағы 0,3%-дан 0,4%-ға дейін жедел қарқынмен өсті» - деп хабарлады Бишімбаев.

Ол инфляциялық процестердің бәсеңдегенін, валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып, бизнестің инвестициялық белсенділігі мен елдің халықаралық резервтері өсіп келе жатқанын, сондай-ақ жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталып отырғанын атап өтті.

«Экономиканың өсуіне құрылыстағы (6,9%-ға), ауыл шаруашылығындағы (4,9%-ға), көлік саласындағы (4,0%-ға) және өңдеу өнеркәсібіндегі (0,6%-ға) шығарылымның ұлғаюы негізгі үлес қосып отыр» - деп хабарлады министр.

Сонымен бірге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 4,4%-ға төмендеу байқалады, бұл мұнай (4,4%-ға 56,9 млн. тоннаға дейін), көмір (6,4%-ға 70,2 млн. тоннаға дейін) және темір кенін (14,7%-ға 26,3 млн. тоннаға дейін) өндірудің қысқаруымен байланысты.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде шығарылымдардың қысқару қарқынының бәсеңдеуі (8 айдың қорытындысы бойынша 4,8%-дан 9 айда 4,4%-ға дейін) жалпы өнеркәсіптің өсу серпінінің жақсаруына әсерін тигізді. Өнеркәсіптегі төмендеу қаңтар-тамыз айларындағы 2,3%-дан ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2,0%-ға дейін қысқарды.

«Индустриялық бағдарламаның арқасында бүгінгі күні тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі төмендеу өңдеу секторларындағы оң серпінмен орны толып отыр. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,6%-ды құрады» - деп атап өтті министр.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірудің 7,0%-ға ұлғаюы есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуі 4,9%-ды құрады. Мал шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 2,5%-ға өсті.

«Ағымдағы жылы дәнді дақылдардың рекордты өнімі жиналды. Ағымдағы жылғы 24 қазандағы жағдай бойынша гектарына 15,4 центнер өнімділікпен 23,6 млн. тонна астық бастырылды, бұл өткен жылғы деңгейден гектарына 2,4 центнерге (немесе 18,1%) жоғары» - деп қосты Бишімбаев.

Құрылыс жұмыстарының көлемі тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 6,9%-ға ұлғайды. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұрғын үйлерді пайдалануға беру 13,6%-ға, 7,2 млн. шаршы метрге дейін ұлғайды.

Көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру 26,0%-ға (3,4 млн. шаршы метрге дейін) және жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру 4,4%-ға (3,7 млн. шаршы метрге дейін) өсті. Мемлекет қаражаты есебінен ағымдағы жылғы 9 айда 13,1%-ға өсумен 617,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Министр инвестициялық белсенділіктің артуы ағымдағы жылы экономикалық өсудің оң қарқынын ұстап тұруға ықпал етіп, болашақта экономиканың орнықты өсуінің негізін қалайды деп атап өтті.

«Ағымдағы жылғы 9 айда инвестициялардың көлемі 4,1%-ға 5,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Өсу «Нұрлы Жол» және «ИИДМБ» бағдарламалары шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға негізделген» - деп атап өтті Бишімбаев.

Өткен жылдың осындай кезеңінде инвестициялардың өсуі 3,5%-ды құраған болатын.

Инвестициялардың айтарлықтай өсуі ауыл шаруашылығында (50,9%-ға, 190,6 млрд. теңгеге дейін), саудада (32,1%-ға, 109,5 млрд. теңгеге дейін) және өңдеу өнеркәсібінде (7,7%-ға, 543,1 млрд. теңгеге дейін), сондай-ақ қаржы қызметінде (6,9%-ға, 44,7 млрд. теңгеге дейін) байқалып отыр.

«Дамушы нарықтарға капитал ағынының жалпы төмендеуіне қарамастан, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың оң серпінін атап өткен жөн. Шетелдік инвестициялардың таза ағыны есепті кезеңде 5,7 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы нақтыланған деңгейден 4,4 есеге жоғары (1,3 млрд. АҚШ доллары). Тікелей шетелдік инвестициялардың қомақты үлесі жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталды» - деді Бишімбаев.

Ол елдің сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылғы сегіз айда 28,0%-ға 38,4 мрлд. АҚШ долларына дейін қысқарғанын мәлімдеді. Экспорт 23,0 млрд. АҚШ долларын (28,6%-ға төмендеу) және импорт – 15,4 млрд. АҚШ долларын (27,0%-ға төмендеу) құрады.

«Валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві өсуде. Жыл басынан бері алтын-валюта резерві 12,7%-ға, яғни 21,4 млрд. АҚШ долларына дейін өсті, бұл 2012 жылғы шілдеден бері (32,3 млрд. АҚШ долл.) соңғы 4 жылдағы ең жоғарғы мән болып табылады. Елдің халықаралық резервтері 95,8 млрд. АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 4,8%-ға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері – 1,4%-ға өсіп, 64,4 млрд. АҚШ долларын құрады» - деп хабарлады Бишімбаев.

Ол сонымен қатар инфляциялық процестердің бәсеңдеуі байқалып отырғанын атап өтті. Тамыздағыдай айлық инфляция қыркүйекте 0,2%-ға дейін бәсеңдеді. 2016 жылдың басынан бері инфляция 5,6%-ды құрады (2015 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 2,9%). Инфляцияға 2,1 пайыздық тармақ негізгі үлесті азық-түлік емес тауарлардың 6,8%-ға қымбаттауы қосып отыр.

2016 жылғы қыркүйектегі жұмыссыздық деңгейі 5,0% құрады.

«2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғанын көрсетіп отыр» - деді министр.

Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалары ескеріле отырып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Бизнестің және жұмыспен қамтудың жол карталарына түзету жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Агробизнес 2020» бағдарламасы негізінде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде.

Бишімбаевтің айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту, сервистік-дайындау кооперативтерін құру және суармалы жерлерді айналымға қосу бойынша міндеттер шешілетін болады.

T. Кіршібаев