Қазақстанның «Ұлттық брендін» анықтау бойынша байқауға мыңға жуық өтініш келіп түсті

Қазақстанның «Ұлттық брендін» анықтау бойынша байқауға мыңға жуық өтініш келіп түсті
Фото: mic.gov.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының  ұлттық брендін анықтау бойынша байқаудың аралық нәтижелеріне арналған брифинг өткізілді, деп хабарлады Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми сайты

Брифингке ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты. 

Байқаудың мақсаты – ашық байқау арқылы Қазақстан Республикасының  ұлттық брендін қалыптастыру бойынша ең жақсы ұсынысты әзірлеу және анықтау. 

Дәурен Абаев 31-тамыздан 15-қазанға дейінгі аралықта байқауға 966 өтініш қабылданғанын атап өтті. 

Қазіргі уақытта байқаудың I кезеңі – интернет-қолданушылардың дауыс беруі өтіп жатыр. Барлық түскен жұмыстар Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми сайтында орналастырылған. Әрбір азамат ұнатқан жұмысына SMS-хабарлама жіберу арқылы дауыс бере алады. Интернет-қолданушылардың дауыс беруі 15 күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі. 

Дауыс беру нәтижесі бойынша Ресми сайтта ең көп дауыс жинаған және екінші кезеңге өтетін кемінде 5 үміткер-жұмыс анықталады. Екінші кезеңде авторлар Сарапшылық кеңесті өздерінің тұжырымдамаларымен таныстырады. Сарапшылық кеңестің құрамына атақты қоғам және саяси қайраткерлер, мемлекеттік органдардың, мәдениет және өнердің өкілдері кіреді. Жеңімпаз 5 000 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйақыға ие болады, ал байқаудың екінші кезеңіне өткен қатысушылардың барлығы 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен ынталандырылады. 

Естеріңізге сала кетейік, байқау ағымдағы жылдың 31-тамызында басталған. Конкурсқа ешқандай шектеусіз барлық қалаушылар қатысты.

T. Кіршібаев