Астанада ЭКСПО аумағындағы тұрғын үй құрылысы 90%-ға аяқталды

Астанада ЭКСПО аумағындағы тұрғын үй құрылысы 90%-ға аяқталды
Фото: zarubezhom.info

Ауданы 107 мың шаршы метр немесе 1 374 пәтер болатын 42 тұрғын үй салынды, деп хабарлады primeminister.kz сайты.

«Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес ұйымы «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрме аумағындағы тұрғын үйлердің, сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын инвестициялайды.

«Ауданы 107 мың шаршы метр немесе 1 374 пәтер болатын 42 тұрғын үй салынды. Үйлерге сыртқы және ішкі желілер жеткізілді, пәтерлерді ішкі әрлеу, үйлердің қасбеттерін әрлеу аяқталды, аумақты көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғын үй кешендерінде паркингтер, сондай-ақ коммерциялық үй-жайларға арналған аудандар көзделген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде», - деп хабарлады холдингте.

Халықаралық мамандырылған көрмені өткізу кезінде пәтерлер халықаралық қатысушыларды орналастыру үшін көрменің ұйымдастырушыларына жалға беріледі. Көрме аяқталғаннан кейін нарықтық талаптармен тұрғын үйлердің сатылуы жоспарланады.

Жалпы ауданы 138 мың шаршы метрді құрайтын сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталып қалды. Сыртқы коммуникациялар жеткізілді, ішкі желілерді салу, ғимараттың ішкі және сыртқы әрленуі, сондай-ақ іргелес аумақты көріктендіру жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр.

«Тұрғын үй объектілері мен сауда-ойын-сауық орталығын пайдалануға енгізудің болжамды күні – 2016 жылғы 1 желтоқсан. Объектілерді салу кезінде 3,7 мың жұмыс орны құрылды. Осы нысандар пайдалануға енгізілгеннен кейін шамамен 2,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады», - деп мәлімдеді холдингте.

«Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы «Бәйтерек девелопмент» АҚ қаржыландыратын тағы бір нысан – бұл «Аура» бизнес орталығы. Жалпы ауданы 38 086 шаршы метр іскерлік кешен ЭКСПО-2017 көрмесінің жанында орналасқан. 2018 жылғы 1 тоқсанда пайдалануға беріледі деп күтіледі.

T. Кіршібаев