«Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы несие қаржысын мақсатты пайдалану мәселелері бойынша рейд өткізді

«Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы несие қаржысын мақсатты пайдалану мәселелері бойынша рейд өткізді
Фото: astana.gov.kz

Қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері еңбек жағдайларымен танысу үшін және «Даму» қоры бөлген несие қаржысының мақсатты пайдаланылуын тексеру үшін Астананың екі өндірістік кәсіпорнында болды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Комиссия мүшелері «Нұр Саба» ЖШС-іне барды, ондағы жұмыскерлер металл және ағаш өнімдерін өндіреді. Осыдан үш жыл бұрын кәсіпорын басшысы құрал-жабдықтар сатып алуға және өндірістік ғимаратты жөндеуге 24 млн теңге көлемінде несие алған.

«Несие алғаннан кейін біз жұмыскерлер санын арттырып, өндіріс көлемін алдымен 20, одан кейін 50%-ға ұлғайта алдық», - дейді кәсіпорынның бірінші басшысы Қайрат Исімбеков.

«Проект Монтаж» кәсіпорны желдеткіш ауа өткізгіштерінің өндірістік желісін сатып алуға 130 млн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл өндіріс орны елорданың тұтынушылық нарығын мырышпен қапталған материалдан жасалған өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

«Жұмыскерлерге жалақыны уақытында төлеп тұруға тырысамыз. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алудың арқасында өндіріс көлемін 10 есеге ұлғайттық»,- деп атап көрсетті зауыт директоры Ұлан Арынбеков.

«Біз бөлінген қаржының мақсатына сай жұмсалғанын көріп тұрмыз. Екі кәсіпорынның жеткен жетістіктері бар», - деп қорытындылады комиссия төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Саят Батпенов.

Сондай-ақ, ол «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы осындай рейд шараларын ай сайын өткізіп тұратынын және депутаттардың басты міндеті жұмыскерлер үшін жақсы еңбек жағдайларын жасау «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын кәсіпорын жетекшілерінің естеріне салып отыру екенін жеткізді.

T. Кіршібаев